Гавайи штатында өртеніп жатқан Мауи аралын полиция толық қарап шықпаған

Гавайи штатында өртеніп жатқан Мауи аралын полиция толық қарап шықпаған

АҚШ билігі дәл осы сәтке дейін Гавайида отқа оранған аумақтың тек 32 пайызы ғана тексерілгенін айтады.

Табиғи апат ошағына айналған Мауи аралының полиция басшысы осы аптаның аяғына дейін өртенген жердің 90 пайызын қарап шығамыз деп уәде берген. Бүгін хабар-ошарсыз кеткен 60 адам табылды. Олар бір үйде жасырынып аман қалған. Іздеу-құтқару жұмысы әрі қарай жалғасуда. Әлі жүздеген тұрғынның қайда екені белгісіз. "Қызыл Крест" ұйымына жоғалған -туысын іздеген 2 жарым мыңнан астам телефон қоңырауы түскен. Мамандар өрттен әзірге 5 жарым миллиард доллар шығын келгенін есептеп шығарған.

Джош Грин, Гавайи штатының губернаторы:

"Бүгін таңертең президент Джо Байденмен сөйлестім. Ол жұбайы Джил Байден екеуі қасіретті оқиғаға байланысты қайғырып көңіл айтады. Оларда көп ұзамай осында келеді, бізбен бірге болады. Егер президент Байденнің қолында сондай мүмкіндік болса, ол 5 секундта осында болар еді. Төтенше жағдайда басқару федералдық агенттігінен 416 маман, Ұлттық ұланнан 273 сарбаз шақырылып, 20 ит тартылды".

Гавай тұрғындары өрт шыққанына байланысты дабылдың дер кезінде соғылмағанын айтады. Штат прокуратурасы төтенше жағдай кезіндегі биліктің әрекетіне қатысты тергеу жүргізбек. Негізі арнайы дабылдар Гавай аралындағы барлық елді мекендерде орнатылған. Бұған дейін олар дауыл мен цунами кезінде дұрыс істеп тұрған. Халық алдын ала ескерту берілгенде, құрбандар саны аз болатын еді дейді.

Иадира Уллоа, Лахайна қаласының тұрғыны:

- "Өрт басталған кезде ешқандай да дабыл ойнаған жоқ. Мен электр жарығы өшіп қалған екен деп ойладым. Бірақ олай болмай шықты. Мені Құдай қақты. Пәтеріме жүгіріп бардым да, қызымды ала салып, басымыз ауған жаққа жүгіре бердік. Ағыл-тегіл жыладым. Өзім танитын, үйінде жалғыз өзі тұратын қалт-құлт етіп әрең жүретін қарт әжелерді ойладым. Соларды барып, құтқарғым келді. Бірақ бара алмадым".

Гавайдағы қасіретті жағдайдан кейін көптеген елдер азаматтарға хабар жеткізу жүйесін қайта қарастырып жатыр.

Крис Хилсон, климаттық өзгерістер орталығының директоры:

- "Мемлекеттік органдар дер кезінде дабыл қағу жүйесін дұрыс жолға қоюы керек. Бұл алдын ала жоспарлануға тиіс. Аталған жүйе істемей қалса, мұның жауапкершілігі биліктің мойнында болады. Ескерту жүйелелі тек дабылды ғана ойнатпай, сондай-ақ адамдарға әрі қарай не істеу керектігін айтуы қажет".

Испания қазір өрт пен су тасқыны жылда қайталанатын елге айналды. Былтыр билік арнайы дабыл қағу жүйесін енгізе бастады. Ол табиғи апат басталған аймақ тұрғындарының ұялы телефондарына шұғыл ақпарат жібереді. Хабарлама испан, каталон және ағылшын тілдерінде жолданады. 

Имма Солер, Каталония ТЖ үйлестіру ісі бойынша директордың орынбасары:

"Қазір біздің барлық ісімізге технологияларға байланып қалды. Бірақ технология кез келген сәтте істен шығуы мүмкін. Сондықтан дабыл қағудың, шұғыл ескерту жіберудің сан түрлі амалын қарастырып қойғанымыз жөн".

Канадада 3 ай бұрын тұтанған өрт әлі сөндірілген жоқ. Елдің Солтүстік-Батыс аймағында төтенше жағдай жарияланды. Қазір тілсіз жау,, аймақ орталығы Йеллоунайф қаласына қатер төндіріп тұр. Төтенше жағдай режимі өрттен зардап шеккен өңірге әскер күшін тартуға және қосымша қаржылай көмек алуға мүмкіндік береді. Канадада 3 айдың ішінде 130 мың шаршы шақырым жасыл желек күлге айналған. 168 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген.   

Курортты аймақтар өртеніп жатыр

Испанияның туристік орталығы - Канар аралдарының да орманы өртеніп жатыр. Аймақтағы ауылдардан 4 мың тұрғын көшірілген. Метеорлогтар Канар аралдарында от тұтанатынын өткен аптадан бері ескерткен. Басты себеп - аптап ыстық пен құрғақшылық.   

Францияның оңтүстігіндегі Испаниямен шектесетін "Аржелес-сюр-Мер" шипажайының аумағы да отқа оранды. Тілсіз жаумен күреске 600 өрт сөндіруші, 11 арнайы ұшақ пен 3 тікұшақ жұмылдырылған. Курортты аймақта демалып жатқан 3 мың адам шұғыл көшірілді.

Ғалымдар АҚШ-тың Гавай аралдарында, Канада мен Еуропа елдерінде болып жатқан орман өрті бүкіл әлемде қалыпты жағдайға айналады деп ескертеді. Мұның бірден бір себебі - ғаламдық жылыну. Күн қатты ысып, құрғақшылық жайлап, оттың тұтануына тұрақты қолайлы жағдай қалыптасады. Тағы бір қорқынышты болжам, зерттеушілер жер бетінде өрт көп шыққан сайын, аспандағы озон қабатына зияны тиеді деп қауіптенеді. Былтыр Австралияда болған өрт салдарынан озон қабаты 5 пайызға жұқарған. "Жаман айтпай, жақсы жоқ". Мамандар әлемді жайлаған климат өзгерісіне бей-жай қарамай, жалпыадамзаттық тұрғыдан және жекелеген аймақтар мен мемлекеттер тарапынан бірлескен қарекет жасауға шақырады.