Оңтүстік Кореяда АЭС-тан ластанған су төңірегіндегі дау жалғасып жатыр

Оңтүстік Кореяда Жапониядағы Фукусима атом электр станциясынан ластанған судың ағуына қарсы наразылық жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресми Токио 24 тамыздан бастап Тынық мұхитына су жіберуді мақұлдады. Бұл шешім Кореядағы теңіз өнімдерінің нарығына қалай әсер етті? Жергілікті билік неліктен Жапония үкіметін қолдайды?

Жапонияның Сеулдегі елшілігінде бірнеше айдан бері күшейтілген күзет қойылды. Оған күн сайын жергілікті тұрғындар Фукусима атом электр станциясынан судың жіберілуіне наразы болып келеді. Ал Корея үкіметі елге ешқандай қауіп-қатер төніп тұрмағанын мәлімдеді.

Жапония билігі Тынық мұхитына судың ағуы қауіп төндірмейді деп сендіреді. Елдің премьер-министрі Фумио Кисида азаматтарды тыныштандыру үшін теңіз өнімдерінен ас дайындатып, жеп көрген. Бірақ кейбір жапондықтар өз үкіметіне сенімсіздік танытты.

Корея парламентінің басым бөлігін алып отырған оппозициялық Демократиялық партия суды ағызуға қарсы. Сеулде ресми Токионың шешімімен келіспейтін бірнеше акциялар өтіп жатыр. Ку Ки Хен Жапония елшілігінің алдында 70 күннен астам үзбей наразылық акциясын өткізіп жүр.

Ку Хи Хен, экологиялық ассоциация басшысы:

- Теңіздегі су ағыспен бірге қозғалады, ластану деңгейі шамалы болып көрінгенімен, уақыт өте келе зиянды заттар балықтарда жиналады және бұл адамдарға қатты әсер етеді.

Ли Джун Хён, Корея журналистер ассоциациясының мүшесі:

- Кореяға әсер етуі мүмкін. Судың ағысы болған кезде үкімет оған қарсы сигнал жіберуі немесе тыйым салуы керек еді. Алайда шенеуніктер мәселе жоқ деп, жапон үкіметімен келіскендей әрекет етіп жатыр.

Корея президенті Юн Сок Ёль жапондық әріптесімен бірге екенін көрсетті. Ол да Норянджин базарына барып теңіз өнімдерінен жасалған дәмнен ауыз тиген.

Владислав Цой, тілші:

- Норянджин – Оңтүстік Кореядағы ең үлкен теңіз өнімдерін сататын базар. Фукусимадағы ластанған судың теңізге ағуы тіршілік иелеріне әсер етті деген соң, жағдайды білу үшін осы жерге келдік. Саудагерлер сұхбатқа келіскенімен, орталықтың әкімшілігі базарға келуімізге қарсы болды.

Журналистерге рұқсат бермеген базар әкімшілігі тұтынушыларды жоғалтып алудан қорқатын сияқты. Бірақ біз Норянджинде 40 жылдан астам уақыт бойы сауда жасап келе жатқан компания басшысымен сұхбат жазып үлгердік.

Ким Дже Вон, теңіз өнімдерін сататын компания басшысы:

- Дәл қазір айтарлықтай әсер жоқ. Өйткені жазда және өліара кезеңінде теңіз өнімдеріне сұраныс аз. Өнімдер мұнда нарыққа шықпас бұрын бірнеше тексеруден өтеді. Қызметкерлер ластанған суды ағызғанға дейін де дозиметрлерді қолданып, радиацияны өлшейді. Бірақ, менің ойымша, белгілі бір уақыттан кейін бізде қиындықтар туындауы мүмкін, суды ластау саудаға қатты әсер етеді.

Экологиялық белсенділер Токио лас суды Тынық мұхитына төгу туралы шешімін жоймайынша, Жапонияның Сеулдегі елшілігінің алдында наразылық акциясын жалғастыра бермек. Оппозициялық Демократиялық партия мен басқа қозғалыстар да үнсіз қалмайтындарын ашық айтты.