Жұрт жаппай қан тапсырып жатыр

Марокконың Марракеш қаласында жергілікті жұрт зілзаладан зардап шеккендерге көмектесу үшін қан тапсыру орталығына ағылып жатыр.

Адамдардың көптігін сонша, ұзынсонар кезек түзілген. Арасында жас та, қарт та бар. Бұдан бөлек, қоғамдық ұйымдар мен азаматтық белсенділер киім-кешек, зат түрінде де гуманитарлық көмек жинауға кіріскен.

Нореддин Челчули, Марракеш Ққаласының тұрғыны:

- Мұнда жер сілкінісінен жарақат алған азаматтарға көмектесу үшін келдім. Апаттан кейін оларға барынша қолдау көрсетуіміз керек деп санаймын. Тым болмаса қан тапсырамыз.

Әлем елдері жер сілкінісінен зардап шеккен марокко халқына көмекке келуге дайын. Мәселен, кеше Испания елі алғашқылардың бірі болып, апат аймағына өз құтқарушыларын жіберді.

Естеріңізге сала кетейік, 8 қыркүйек күні Марракеш қаласынан 80 шақырым жерде қуаты 6,9 балдық зілзала болды. Одан 2100 адам көз жұмды. Шамамен тағы осынша адам жарақат алды. Мамандардың айтуынша, апат құрбандарының саны алдағы уақытта артуы мүмкін. Себебі құтқарушылар кей аудандарға әлі де жете алмай жатқан көрінеді.