АҚШ ғалымдары сирек кездесетін балықты сақтауды қолға алды

Үнді-Батыс Тынық мұхитын мекендейтін «гитара» тәріздес балық соңғы жылдары жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр.

Ғалымдар сирек кездесетін балықты көбейту үшін Джорджия аквариумына жеткізді.

Гитара балықтарының аузы доға тәріздес, дене пішіні ұзынырақ келеді. Акулаға көбірек ұқсайды. Ерекше тұқымдас тіршілік иесі өткен жазда Тайваньның балық фермасында торға түскен. Содан бері Джорджия аквариумында бақылауда. Мамандардың айтуынша, браконьерлер оның етіне емес, бағалы тікенегіне қызығып жиі аулайды. 

Крис Коко, Джорджия аквариумының вице президенті:

- Соңғы жылдары бұл тіршілік иелерін өткір тікенегі үшін аулайтын болды. Теңізден тікенегінен айырылған балықтарды жиі ұшырастырамыз. Ол көбіне жүзік пен алқаға әшекей ретінде пайдаланылады. Сонымен қатар қанаттарын сорпа әзірлеу үшін кесіп алады.

Жуырда Тайвань ұлттық океанологиялық университеті және Тайвань балық шаруашылығы ғылыми институтымен 10 жылға келіссөз жасады. Мақсат – жойылу қаупі бар ерекше балықты сақтап қалу.

Крис Коко, Джорджия аквариумының вице президенті:

- Қазір аквариумда тұрған үш балық Тайваньдағы әріптестерімізбен бірге жүргізген табиғатты қорғау жобасының нәтижесі. Сондықтан бұл тіршілік иелері мейрамханалар мен дәмханалардың асына айналмасын деп, осында алып келдік. Бұл жоба оларды асылдандырып, көбейту үшін жасалып отыр.

Гитара балықтары Үнді-Батыс Тынық мұхитында, Шығыс Африка, Папуа-Жаңа Гвинея мен Жапония және Австралияда тіршілік етеді. Бұл тұқымдастар балықшылардың торына тез түседі. Сондықтан сирек кездеседі әрі көбею жылдамдығы айтарлықтай төмен.

Крис Коко, Джорджия аквариумының вице президенті:

- Сол себепті бұл жоба олардың тез көбеюінен бұрын жойылып кетпеуін көздейді. Олардың молаю процессі өте баяу.

Алдағы уақытта гитара балықтарын өсіру мақсатында асылдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Әсия Нұрлыбаева, «Хабар-24»