C5+1 форматындағы жиындардың маңызы артты

Орталық Азия біртұтас ықпалды аймаққа айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңір маңызды интеграциялық үрдістер кезеңінде тұр. Мұндай пікірді Ташкенттегі Халықаралық Орталық Азия институтының өкілдері білдірді. Қазір Қазақстан мен Өзбекстан трансауған дәлізінің жедел іске қосылуы мен ауған халқының бейбіт күн кешуіне мүдделі. Бұл іске C5+1 форматындағы жиындар оң әсер етеді. Соңғысы 2 жыл бұрын Өзбекстанда өтіп, бірлескен мәлімдеме жасалды. Енді оның жалғасы Орталық Азия және АҚШ саммитінде көрініс табады.

Орталық Азия мен Оңтүстік Азияның әзірге құрлықта түйісетін тұрақты көлік дәлізі жоқ. Ауғанстан географиялық ерекшелігіне қарай осы олқылықты жоюға әуелден қабілетті. Алайда елдегі тұрақсыздық халықаралық интеграцияны дамытуға кедергісін келтіріп тұр. 2 жыл бұрын Ташкентте өткен «C5-Оңтүстік Азия» форматындағы конференция бастаманың маңыздылығын көрсетті. Тіпті аймақ елдері бірлескен мәлімдеме қабылдап, оған АҚШ үкіметі де үн қосқан болатын. Араға уақыт салып, мәселені тағы бір рет мінберден көтеретін сәт туды.

Азизхан Назиров, Халықаралық Орталық Азия институтының бас ғылыми қызметкері:

- Біріккен Ұлттар Ұйымының күн тәртібі тұрақты даму мақсаттарына арналып отыр. Осы ретте «C5+1» форматында өтетін келесі жиын саяси һәм сауда-экономикалық мәселелерді қамтитын болады. Орталық Азия елдерінің бұған қатысты өз ұстанымдары бар. Соған сәйкес АҚШ басшылығының пікірін білу де маңызды.

Қазір әлемдегі интеграциялық үрдістердің қарқыны күшті. Орталық Азия өз алдына бөлек аймақ ретінде қалыптасып, күш біріктіргелі оң өзгеріс көбейді. 5 мемлекеттің өзара тауар айналымы 2,5 есе өсіп, бірлескен кәсіпорындар көптеп ашыла бастады. Ал жалпы сыртқы сауда-саттығы 220 млрд доллардан асып жығылды. Соның басым бөлігін әдеттегідей Қазақстан мен Өзбекстан құрап отыр.

Фанил Кадиров, Халықаралық Орталық Азия институты директорының міндетін атқарушы:

- Орталық Азия елдері халықаралық деңгейде бір-бірімен тығыз байланыста әрекет етіп келеді. Трансформация нәтижесінде әлем алпауыттарымен ортақ іскерлік байланыс жүргізу әдісі пайда болды. Биылдың өзінде C5+1 форматында Қытай және Араб елдерімен маңызды саммиттер өтті. Ендігі кезекте АҚШ-пен ұйымдастырылғалы отыр. Бұл біздің аймақтың ауызбірлігін әрі бірлесіп үлкен мақсаттарға жетуге деген ұмтылысын көрсетеді.

Дегенмен Орталық Азия деңгейінде шешімін таппаған түйткіл де жоқ емес. Сарапшылар ішкі интеграцияға да баса мән беру қажеттігін айтып отыр. Аймақ бірін-бірі толықтыратын бай әлеуетке ие. Тек сол мүмкіндікті пайдаланып, өнеркәсіптік жобаларды көптеп жүзеге асыру қажет.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Осы күні Ресми Ташкент Оңтүстік Азия елдерімен кедергісіз сауда жасау жолдарын жетілдіріп жатыр. Бұған құрылысы әлі бітпеген трансауған теміржолы оң септігін тигізуге тиіс. Ол іске қосылса, Үндістан, Пәкістан және өзге де ел нарықтарына Орталық Азиядан ірі сауда керуендері қатынайтын болады. Бұл өз кезегінде – Қазақстанның да ұзақмерзімді жоспарына енетін міндет. Сауда-саттық географиясы кеңейіп, алып нарықтармен орнаған ынтымақтастық нәтиже береді деген сөз.

Авторы: Рауан Мыңбаев.