Бейжің жазбалары. Қытай дәстүрімен мақтанады (ФОТО)

Бейжің жазбалары. Қытай дәстүрімен мақтанады (ФОТО)

Қытай астанасы Бейжің қаласына жолымыз түскен бір сапарда қытай мәдениетінің бізге беймәлім тұстары жайлы жазуға тырыстық.

Қытай архитектурасының ерекшелігі – бұрынғы мен қазіргіні ұштастырғандығы. Кейін салынған біраз ғимарат ежелгі замандағы қытай стилін сақтауға тырысқан. Тіпті бұрынғысы қайсы, қазіргісі қайсы екенін айыра алмайсың. Әрине заманауи кешендер де жетіп артылады.

Сианьдағы биіктігі 64 метр ғибадатхана 1652 жылы салынған дейді. Содан бері тұр. Аңыз бойынша осы араға, Будда монастрінің тұсына үлкен үйрек құлаған. Мұны көктен түскен белгі деп осы араға ғибадатхана тұрғызған-мыс.

Лотос бағы туристер үшін ғана емес қытайдың өз жұртшылығы қанша келсе де баурап тұратын қасиетке ие. Кезінде Таң әулетіне тиесілі болған бұл бақта император аспан асты театрын тамашалапты.

Сол дәстүр үзіліп барып, қайта көрініс тапқан. Яғни бұрынғы дала театрын қайта жаңғыртқан. Көлді жағалай орналасқан бақты жаяу адамның бір кеште аралап шығуы да оңай емес. Тақауда өткен Қытай-Орталық Азия саммиті осы қалалық саябақ аумағындағы ғимаратта өтіпті.

Ең қызығы осы бақтың сыртында кемі екі шақырымға жетеғабыл үлкен алаң бар. Күніге кешқұрым Лотос бағы мен осы алаңнан кісі аяғы арылмайды. Мұнда келген жұрт бастан аяқ ұлттық киімін киіп келеді. Дәстүрін осылай құрметтеген халық осында сейілдеп, суретке түседі.

Біз бастапқыда үлкен алаңдағы мың қаралы адамды, ұлттық киімдегі қарақұрым халықты көріп біздегі Наурыз тәрізді мереке өтіп жатқан болар деп ойлағанбыз. Сөйтсек бұл қытайлардың күндегі әдеті екен. Халық өз мәдениетін осылай құрметтейді.

Мұнда әсіресе жастар көп. Үлкендер де, бала-шағасымен қоса үлде мен бүлдеге оранып, ұлттық киімін киіп, шаштарын қытайша төбесіне түйіп алған, жарқырап, жайнап жүр.

Жалпы Сиань әртүрлі 13 династияның астанасы болған - тарихи мекен.

Арман Әмен,

«Хабар-24» арнасының редакторы

(Басы мына жерде. Жалғасы бар)