Бейжің жазбалары. Болат жолдың бойында (ФОТО)

Бейжің жазбалары. Болат жолдың бойында (ФОТО)

Қытай астанасы Бейжің қаласына жолымыз түскен бір сапарда қытай мәдениетінің бізге беймәлім тұстары жайлы жазуға тырыстық.

Қытай теміржолын барынша дамытқан. Біз Бейжіңнен Сианьға барған пойыздың орташа жылдамдығы сағатына 350 шақырым. Ышқынса 400-ге жеткізеді. 1000 шақырымға (жолдағы аялдамалары бар) 4,5 сағатта бардық. Бұл пойыз қазір су үстімен де жүреді. Бірнеше шақырымдық өткел салып тастаған.

Жол бойы – «көгорай шалғын бәйшешек». Жол-жөнекей көзге түскен елдімекендердің көбінде күн мен жел энергиясын молынан пайдаланатыны көрінеді. Жер үйлердің жартысынан көбінде күн панельдері орналасқан. Алып ебелектер де менмұндалайды.

Сиань халықаралық портынан 17 халықаралық, 20 ішкі рейс қатынайды. Бұл арадан шыққан пойыздар әлемнің 45 еліне барады. "Бір жол-бір белдеу" жобасы арқылы 2013 жылы осы Сианьнан Алматыға жол салған.

Біз 2013 жылы "Бір жол-бір белдеу" жобасы бастау алғанда Сианьнан Алматыға пойыз жүргізе бастадық. Ол кезде 100 рейс қана жасаған едік. Арада сауда ұлғайып, 2022 жылы рейс саны 4639 болды. Ал биылғы 7 айдың өзінде 3045 рейс жасадық. Сіздердің Солтүстік Қазақстанда ашылатын орталық бидай мен май өнмдерін өңдеу және тасымалдауды жүзеге асырады. Біз Қазақстаннан май, бидай және пайдалы қазбалар ресурстарын импорттаймыз. Ал сіздерге автомобиль, киім, тұрмыстық техника экспорттаймыз – дейді Сиань халықаралық порты кеңсесінің бастығы Лиу Хо.

Біздің ел «Достық» шекара бекетінен Каспийге дейін бағдар ашқаны белгілі. Яғни Бетпақдаланы басып өтетін мың шақырымдық Жезқазған-Сексеуіл теміржолын салды. Осы арқылы Қытай шекарасынан шыққан жүк Батыс Еуропаға жететін болды. Яғни бұл жол Қытай мен Еуропаның арасын үш-төрт есе жақындатты.

Қазір Қытайдан шыққан жүк Еуропаға 10 күнде жетеді.

Әрине, бұл жол тек Қытай үшін ғана салынған жоқ. Кезінде Ресейді айналып жүретін өзіміздің астық, темір-терсек енді Каспийге тіке барып, одан әрі теңіз жолымен Еуропа асады.

Мына тұста Түркіменстан, Иран, Ауғанстанға жол ашылды. Каспий жағасында астық сақтайтын терминалдар да салынған. Кезінде астығымыз өтпей, сыртқа жеткізе алмай кететін едік.

Өйткені барлық теміржол Ресей арқылы жүрді. Ал ол жақта өз астығы мол болғандықтан күзде вагон жетпейтін. Енді біз үшін үлкен нарық – Қытай ашылды.

Қазақстан мен Қытай бірлесіп Солтүстік Қазақстанда, шекара аумағында және осы Сианьда жүк қабылдау және жөнелту орталықтарын ашқан. Бұл – ауылшаруашылық өнімдерін бұзбай сақтап жеткізудің амалы.

Арман Әмен,

«Хабар-24» арнасының редакторы

(Басы мына жерде. Жалғасы бар)