Түркия Республикасы 100 жылдығын атап өтті

Ғасыр жасаған мемлекет өзінің жаңа шежіресін Мұстафа Кемал Ататүріктен бері тарқатады.

«50 жылда ел жаңа, 100 жылда – қазан»  қағидасын берік ұстанған бауырлас мемлекеттің әлемдік геосаясатта да өзіндік орны бар. Ғасыр құрдасы Түркияның кешегі тарихы мен қазіргі қалпын Меруерт Қанағат бағамдап көрді.    

Түріктің тарихы терең. Алайда жаңа кезеңі 1923 жыл, яғни республика болып құрылуымен басталады. Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліске ұшыраған империалистік күштер Анадолының кейбір аймақтарын басып алады. Үміт үзілген сәтте Мұстафа Кемал Ататүрік мемлекет тізгінін қолға алып, елдің басын біріктіреді.

Мехмет Гюнер, Анкара тұрғыны:

- Түркия Республикасы үлкен қиындықтармен құрылды, жоқшылықты бастан кешіп, аман-есен осы күнге жеттік. Мен еліміздің қиын-қыстау кезеңін еске алсам, қатты толқимын. Жылда осы күнді асыға күтемін.

Ұлттық мейрамдар Анкарадағы Ататүріктің мавзолейінен басталды. Бұл жолы да дәстүр өзгерген жоқ.

Ханде Өзтүрік, Анкара тұрғыны:

- Біз жарқын және саналы жастардың өскенін қалаймыз. Біз өз ұлтын қорғайтын жастарды құрметтейміз. Діни мерекеден бұрын ең алдымен ұлтымыздың жағдайын ойлауымыз керек. Бұл – мен үшін ең маңыздысы.

Мерекелік шаралар аясында Түркия әуе күштерінің «Соло Турк» пилотаждық командасы Анкара аспанында ай-жұлдыз бен 100 санын жазып ұшты.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Халық ретінде біз бүгін мақтаныш пен толқуды қатар бастан өткеріп отырмыз. Себебі 1923 жылы 29 қазанда жариялаған Республикамыз бүгін бірінші ғасырын аяқтап, «Түркия ғасыры» деп аталатын екінші жүзжылдығына аяқ басып отыр. Республикамыздың 100 жылдығын даңқпен, абыроймен және қуанышпен тойлап отырмыз. Осы қуанышымыз ұзағынан болады деп сенемін.

Түркия 100 жылда талай белесті бағындырды. Бауырлас елдің әлемдік саясат сахнасында да орны ерек. Ешкімге ұқсамайтын Түркия жолы – оның басты ұстанымы. Сонысымен болар ол өзгелердің құрметіне ие.