Испанияда қандала қаптап кетті

Францияны әбігерге салған қандала мәселесі енді Испанияны да мазалай бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаптаған туристер толқыны мен қапырық ыстық паразиттердің өсіміне түрткі болған. Қандаладан қандай қауіп бар?

Мария есімді танымал испан бишісінің қандала жайлы желідегі әңгімесі небәрі бір тәулікте миллионнан астам қаралым жинаған. Сарагоса қаласындағы қонақ үйде түнеген келіншектің бүкіл денесін түн ортасында қандала шағып тастаған. Бұл жайт бірден жұрттың назарына ілігіп, қызу талқыға түсті.

Мария Перес, биші:

- Көріп тұрғандарыңыздай, қолым, мойным және бетім қып-қызыл. Қандаламен таныстық деген осындай екен! Қонақ үй таза болып көрінгенмен, жәндіктер түнімен шағып шыққан. Таңертең тұрып, жұмысқа бардым, бірақ түске таман үсті-басым қатты қыши бастады, шыдамай, емханаға баруға тура келді. Дәрігерлердің кеңесі бойынша үйге келгеннен кейін төсек-орынның барлығын ыстық сумен жуып шықтым және дәрі қабылдап жатырмын.

Қандала деген қансорғыш қазір испаниялықтардың қауіпті жауына айналды. Дернәсілді жәндік көпқабатты үйлерде қаптап кеткен. Оған елдегі қапырық ыстық пен құрғақшылық түрткі болып тұр. Испаниядағы қоршаған ортаны қорғау компанияларының ұлттық қауымдастығы келтірген мәліметке сәйкес, биыл зиянкестердің саны өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 71%-ке көп.

Оскар Сориано, энтомолог:

- Короновирус кезіндегі қатаң шараларға бармасақ та, бұл қансорғыштармен күресті қоғам болып жүргізуіміз керек. Қонақ үй өз алдына, әр адам өз үйіндегі тазалықты сақтауы тиіс. Ал жергілікті биліктен қоғамдық көліктегі жағдайды реттеу талап етіледі.

Мадрид – Испаниядағы қандала көп тараған қаланың бірі. Мадридпен бірге  Валенсия және Каталония өңірі, сондай-ақ Балеар аралдарында да жағдай күрделі. Жергілікті ғалымдардың айтуынша, соңғы жылдары бұл жәндіктердің төзімділігі арта түскен, сондықтан адам жүгімен де бірге ілесіп, әлемнің кез келген еліне жетіп алатын болған.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач.