Газа секторындағы қазақстандықтарды эвакуациялау басталды

Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, бүгін 44 адамды Мысыр елімен шекарадағы «Рафах» өткізу бекеті арқылы шығару жоспарланған.

Оның 40-ы Қазақстан азаматы болса, қалған төртеуі – шетелдік, бірақ отандастарымыздың отбасы мүшелері. Өткізу пункті арқылы өткеннен кейін біздің дипломаттар оларды Каирге жеткізіп, қонақ үйлерге жайғастырады. Содан соң Қазақстанға жөнелту жағы қарастырылатын болады.

Айта кету керек, біздің елден бөлек, өз азаматтарын Марокко, Иордания, Ресей, Испания, Швеция, Перу, Ирландия, Ұлыбритания мен АҚШ-та эвакуациялап жатыр. Жалпы бүгін қазақстандықтарды қоса есептегенде Газа секторынан 594 адам шығарылады деп жоспарланған.

Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:

- Египет жақтан біздің дипломаттар жақындап қалды. Келгеннен кейін арғы жақтан, Газа секторынан біздің азаматтар шыққаннан кейін құжаттарын тексере алады. Нақты тексеріс сол кезде болады. Осыдан 2-3 күн бұрын эвакуация болды ғой, сол бекеттен өткен басқа елдердің азаматтардың тәжірибесі көрсетті, кейбір азаматтардың құжаттары дұрыс емес. Оларды кері қайтарып жатыр. Олар құжаттарын реттеп, тізімдерін қайта келістіріп, басқа күні шығып жатыр. Сондықтан ол жерде жағдай оңай емес.