Ұлыбританияда Қазақстанның туристік әлеуеті насихатталды

Британдық туристік компаниялар Ұлы дала еліне шетелдік саяхатшыларды көптеп тартуға бейіл.

Туроператорлардың отандық әріптестермен болған кездесуіне Тұманды Альбиондағы тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы да қатысты.

Қазақстанның туристік әлеуеті зор: бай тарихымыз бен мәдениетіміз, көркем табиғатымыз бен сәулетіміз бар. Бірақ олар туралы шетелдіктер біле бермейді. Бүгінгі шара сол олқылықтың орнын толтыруға бағытталған. 9-ға жуық отандық туристік компания өкілі 30-дай британиялық әріптесімен кездесіп, Ұлы дала еліне саяхаттаудың артықшылықтары туралы айтып берді.

Ричард Леджер, қазақстандық әуе компаниясының өкілі, ұйымдастырушы:

- Британиялық ірі туроператорларды түгелдей дерлік шақырдық. Олардың қатарында өз өнімдері мен қызметтерін онлайн ұсынатын агенттіктер бар. Сондай-ақ саяхаттарын 1-2 жылға алдын ала жоспарлайтын, әуе билеттерін көтерме бағамен сатып алып, туристерге ұсынатын компаниялардың өкілдері де келді. Барлығы өзге мемлекеттермен қатар Қазақстанды да насихаттауға келісіп отыр. 

Алан Роджерс – ірі британиялық турагенттіктің бөлім басшысы. Оның қызметкерлері туристің талғамы мен қалтасына қарай саяхат жоспарлап береді. Жиған-тергенін жер-жаһанды шарлауға жұмсайтын зейнеткерлер 27 жылдан бері осы компанияның қызметіне жүгініп келеді. «АҚШ, Жапония, Үндістан, Австралия және басқа да елдерге турлар саттық. Енді Қазақстанды да туристік бағыт ретінде ұсынғымыз келеді», - дейді Алан.

Алан Роджерс, туристік агенттіктің бөлім бастығы:

- Елдеріңіздегі табиғат көріністері ғажап, халқы да керемет. Әлгінде ғана тамақтарыңыздан дәм татып, тәнті болдым. Қазақстанға туристерді көптеп жіберуге деген ниетіміз бар. Бірақ алдымен туроператорларыңызбен тығыз жұмыс істеп, ақпарат алмасуымыз керек. Бүгінгі шараның берері мол. 

Отандық компаниялар арасында шырайлы Шымкент шаһарына шақырып, туристік әлеуетін таныстырған операторлар да болды. Олар өздерімен бірге оңтүстіктің тәттілері мен шәйін де ала келіпті. Шымкентті Қазақстанның гастрономиялық туризм отаны деп таныстырды. Өйткені түрлі елдердің сан-алуан тағамдары дәмді және қолжетімді бағада сатылады, - дейді олар. 

Ғазиза Кулимова, Шымкент қаласы туризм басқармасының бас маманы:

- Шымкент қаласына келуші туристердің саны жыл санап артып келе жатыр. 2022 жылдың өзінде 400 мыңнан астам, 500 мыңға жуық турист келген. Оның ішінде қазақстандық туристер де бар. Шетелдік туристер де өте қөп. Ұлыбританиядан да келетін туристердің саны жыл санап артып келе жатыр. 

Бүгінде Ұлы дала елінің тартымдылығын арттыру үшін тындырылған іс көп. 80-нен астам елдің азаматы Қазақстанға 30 күнге дейін визасыз кіре алады. Олардың қатарында британиялықтар да бар. Оған қоса 109 мемлекетке визаны онлайн оңай алу мүмкіндігі берілген. 600-ге жуық халықаралық ұшақ апта сайын 30-дан астам елге тікелей қатынайды. Алдағы уақытта Токио, Сингапур және Нью-Йоркке де тікелей рейстер ашу жоспарланып отыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.