Бельгияда бала туу көрсеткіші төмендеді

12 миллионға жуық тұрғыны бар Бельгияда кейінгі жылдары халықтың өсу қарқыны айтарлықтай кеміген.

Оған бала туу көрсеткішінің төмендеуі себеп дейді мамандар. Соңғы 30 жылда халық саны небәрі 6 пайызға артқан. Жалпы елде аналарға деген әлеуметтік қолдау қаншалықты жолға қойылған?  Бұл бала туу көрсеткішіне әсер ете ме?

Бельгия Еуропадағы экономикасы дамыған мемлекеттің бірі бола тұра мұндағы әйелдер декреттік демалысқа 3,5 айға ғана шыға алады. Бұл кезеңді босанғанға дейін бір-екі аптаға, ал босанғаннан кейін тағы бірнеше аптаға бөлуге болады. Алайда жаңа босанған аналар бұл мерзімді өте аз дейді. Неля Надершина,, өзінің тұрақты жұмыс орнын сақтап қалу үшін, 3 айлық сәбиін бөбекжайға беруге мәжбүр. 

Неля Надершина, тұрғын:

- Иә, заң бойынша босанған әйелге 15 апта декреттік демалыс берілуі керек. Бірақ бұл уақыт аралығында бірдеңе жасап үлгеру мүмкін емес. Әйел босанғаннан кейін моральдық әрі физикалық тұрғыда күш жинауы керек. Өкініштісі, біздің елде осыған көңіл бөлінбеген.

Мамандардың айтуынша 3 айлық декреттік демалыстан кейін аналар қауымы тағы 1 айлық “ата-аналарға арналған демалыс” ала алады. Оған біржолғы жәрдемақы да төленеді. 

Маргарита Сандлер, Еуропалық әйелдер қауымдастығының президенті:

- Тек 3 ай, жақсы 15 апта – бұл ана мен баланың бірге болуына аз мерзім шығар. Бірақ бұдан бөлек басқа отбасылық демалыстар да бар екенін айтқым келеді.. мәселен 1 айға не жарты айға, баланың әкесі де декреттік демалысқа шыға алады. Бала күтіміне, осылай алма-кезек көңіл бөлуге болады. 

Бельгиядағы туу көрсеткішін соңғы 30 жылда елдегі өлім-жітім саны төмендетіп отыр. Бельгия статистика агенттігінің мәліметі бойынша, былтыр бұл елде 114 мың бала өмірге келіп, 120 мың адам дүниеден өткен. Ал ұрпақ санын арттыру үшін, әр отбасында кемінде екі баладан болуы керек. Бірақ бұл қазір бельгиялықтар үшін қол жетпес арман болып тұр. Ал жас аналар жұмыс істеп нәпақа таба ма әлде баласына қарай ма?! Бұл осы елдегі өзекті мәселеге айналған. Ал ел билігі әзірге үнсіз.

Фариза Жанғанаева, Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов