Дубайда климат өзгерісіне арналған жиын өтті

Осы аптада әлем назары Дубайға ауды. Жиылғандар адамзаттың алдағы тағдырын талқылады десек, артық болмас.

Дубайдағы жиын климат өзгерісіне арналды. Негізі ғаламдық жылынуды тоқтату мәселесі қаралған. Иә, бұл конференцияның бәрімізге қатысы бар. Өйткені онда біз күнделікті тұтынатын көмір, мұнай, газдан біржола бас тарту қызу талқыланып, шешім қабылданды.

Ең қауіпті қазба отын 

Дубайдағы жиынның маңызын түсіну үшін бізге ең алдымен қазба отынның зиянын білген жөн. Мәселен, дүниежүзінде ең көп жағылатын отын – көмір. Әлемдегі электр энергиясының 40%-ін көмір станциялары өндіреді. Бірақ зардабы орасан. Көмір өкпе, жүрек, рак және деменция ауруын тудырады. Еуропа ғалымдарының есебі бойынша, көмір өндірісін тоқтату жыл сайын 100 мың адамның өмірін сақтайды. Мамандар әсіресе қазылған орындардың ашық қалуынан залал көп дейді. Мысалы, Қытайда 7 миллиард тонна көмір қоқысы бар көрінеді. Әлем бойынша 3500 ірі кәсіпорын жыл сайын 100 миллиард тонна зиянды қатты қалдық шығарады.

Джон Керри, АҚШ-тың климат жөніндегі өкілі:

- Көмір адам денсаулығы үшін өте қауіпті. Ол – әлемдегі ең лас әрі зиянды отын. Басқа қазба отын түрлеріне қарағанда көмірден адам 2 есе көп өледі. Осыдан-ақ одан бас тартудың қаншалықты қажет екендігін түсінуге болады. Сондықтан көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларына жаппай, біржола тыйым салу керек.

 

Метан мехнаты

Тағы бір зиянды қалдық – метан. Ол табиғи газдан бөлінеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, ғаламдық жылыну тудырған зиянды қалдықтың 20%-і осы метанға тиесілі. Былтыр орташа есеппен ауаға 135 миллион тонна метан газы шығарылған.

Никола Армароли, зерттеуші:

- Біз метанды көре алмаймыз. Өйткені оның түсі жоқ. Біз оның өзін және зиян мөлшерін тек инфрақызыл спектроскопияның көмегімен ғана анықтай аламыз.

 

Қазба отыннан бірден бас тарту мүмкін емес

Дубайдағы жиын негізі 30 қарашада басталған. Тараптар бір тоқтамға келе алмай, 2 аптаға созылды. Ақыры келісімге келгендей болды. Құжаттың бастапқы жобасында болған «Қазба отыннан бас тарту» деген сөйлем алынып тасталған. Ол «біртіндеп бас тарту» деп түзетілді. Түпкілікті меже 2050 жыл деп белгіленді. Құжатқа 200-ге жуық елдің өкілдері қол қойған.

Вопке Хукстра, климат жөніндегі еурокомиссар

- Адамзат ақыры бір келісімге келгендей болды. Бұл шешімді баяғыда қабылдау керек еді. Қазба отыннан бас тартуға біртіндеп болсын қадам жасау үшін бақандай 30 жыл керек болды. Енді тездету керек. Жер-Анамыздың қызуы көтеріліп барады.

 

Қазба отыннан біртіндеп бас тарту

30 жыл бойы ортақ мәмілеге келе алмаудың бір себебі: Сауд Арабиясы, Қытай, Үндістан, Ирак және Нигерия сияқты қазба отынға тәуелді елдер одан бас тартуға қырын қарап келді. Тіпті экологтар аузын айға білеген АҚШ-та мұнай өндірісі қарқынды өсіп жатқанын, ал Еуропа елдері сұйылтылған газды импорттау үшін жаңа терминалдар салуға миллиардтаған ақша бөлгенін айтады. Сауд Арабиясы сияқты мұнай өндіруші елдер келіссөздер қазба отынды емес, зиянды қалдықты азайтуды қаузауы керек деп есептейді. Себебі қазір «қара алтын» өндіру кезінде көміртегін сүзіп алатын озық технологиялар баршылық.

Боб Дадли, мұнай-газ және климат бастамасының жетекшісі:

- Бізге, әрине, баламалы энергия көздері қажет. Бірақ мұнай-газ және атом энергетикасынан да біржола бас тарту мүмкін емес. 2050 жылға қарай жер бетіндегі адамзат саны тағы 2 миллиардқа көбеймек. Олардың бәрін жан-жақты қамтамасыз ету үшін орасан зор энергия керек. Жасыл энергетиканы толық орнату үшін әлі де көп уақыт керек. Бұл суық ақылмен біртіндіп әрекет етуді талап етеді.

  

Жасыл энергияның үлесі артып келеді

Қазба отыннан құтыла алмаймыз деп ешкім де қарап отырған жоқ. Өткен жылдың әлемдік статистикасына көз салсақ, көп оң өзгеріс бар. Норвегия энергияның 98%-ін таза көзден алады. Бразилияда бұл көрсеткіш 90%-ке жуықтап қалған. Үздік үштікті түйіндеген Жаңа Зеландияда жасыл энергия деңгейі 86%-ке жеткен. Ал Қазақстан биылғы жылдың алғашқы 3 айының қорытындысы бойынша, электр энергиясының 59%-ін балама көздерден өндірген.

2030 жылға дейін әлем жел және күн электр станцияларының санын 3 есе ұлғайтуы керек. Дубайдағы жиынның қорытынды шарты осындай. Бұдан бөлек, көмірқышқыл газы мен метан көлемін қысқарту – міндет. Біз әдетте табиғатты аялауымыз керек деп ұрандатуға бейілміз. Бірақ сөзден іске көшу өте қиын. Өйткені аспан, су, топырақ бәрі ортақ. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау үшін бүкіл әлем болып жұмылған жөн. Ал бұл оңай емес. Дубайдағы конференция осыны көрсетті. Ең бастысы, ілгерілеу бар.