Израиль гуманитарлық үзіліс жариялауға дайын

Еврей елінің президенті осылай деп отыр. Бұл тұтқындарды босату үшін қажет екенін айтады.

Бұған дейін ХАМАС өкілдерінің қолында 240 адам тұтқында болған. Қарашадағы 7 күндік бітім кезінде солардың шамамен жартысы үйіне оралды. Әлі 128 адамның тағдыры белгісіз. Соларды босату үшін еврей елі гуманитарлық үзіліске дайынбыз дейді. Оның үстіне Газа Секторына жеткізілетін көмек көлемін ұлғайтуға рұқсат беретіндерін айтады.

Биньямин Нетаньяху, Израиль Премьер-министрі:

- Біз Катар және Египет өкілдерімен бірге келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Катар тарабының жұмысына қатысты көңіліміз толмай отыр. Бірақ ол туралы кейінірек айтамыз. Қазір біз тұтқындарды қайтару бойынша бір мәмілеге келуге тырысудамыз.

ХАМАС келіспей отыр

Бірақ ХАМАС тарабы гуманитарлық үзіліске әзірге келіскен жоқ. Олар Израиль әскері оқ атуды тоқтатып, барлық 7 мың палестиналықты босатсын дейді. Тек сол кезде ғана келіссөздер жүргізетінін айтады. Бірақ соған қарамастан, бүгін палестиналық қозғалыс жетекшісі Египетке аттануы тиіс. Онда келіссөздер өтуі мүмкін. Бұған дейінгі бітім Египет жіне Катардың арағайындығымен жасалған. Бұл жолы да солардың көмегіне зор үміт артылып отыр. Тараптар бір мәмілеге келсе, бұл жолы қарт кісілер мен әйелдер босатылуы мүмкін. Тізімге денсаулығында кінәрат бар адамдар да қосылуы тиіс.

Усама Хамдан, ХАМАС өкілі:

- Израиль өз азаматтарын қайтарығысы келеді екен, ол үшін біздің талапқа көну керек. Тек осыдан кейін ғана келіссөздер жүргізуге дайынбыз.

Бүгін дауыс беру өтеді

Таяу Шығыстағы шиеленіс басталғаны әлемдік қауыммдастық қарулы қақтығысты тоқтатуға үндеп келеді. Осы аптада БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде атыс-шабысты дереу доғару туралы қарар бойынша дауыс беру өту керек еді. Бірақ АҚШ вето салу құқығын пайдаланып, құжатты бұғаттап тастады. Өйткені Израиль секілді америкалықтар да атыс-шабысты тоқтату ХАМАС үшін тиімді болады деп санайды. Негізі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарары заңды күшке ие болғанымен, ешкімді міндеттей алмайды. 

«Тек ұсыныстық сипатқа ғана ие. Бірақ соның өзінде ол көпшілік пікірінің көрсеткіші саналады», - дейді сарапшылар.