Өзбекстанда қоғамдық орында бетті бүркеп жүруге тыйым салынды

Қоғамдық тәртіпті қатаң ұстанатын елдің бірі – Сингапур.

Мұнда көшеде темекі тұқылын тастай салуға болмайды. Ірі көлемде айыппұл арқалауыңыз мүмкін. Мұның бәрі адамдардың өздері тұратын жеріне құрметпен қарауы үшін жасалып отыр. Осындай саясаттың нәтижесінде ол Азияның ең таза өңірінің бірі саналады. Көрші Ресейде де қоқысқа қатысты жаза қатаңдады. 

Ең қатаң жазаның бірі Африкадағы Кения елінде осыдан 6 жыл бұрын қабылданған.

Көліктен қоқыс тастауға болмайды

Ресейде биыл қоғамдық тәртіпті бұзғандар үшін ереже қатаңдады. Сөйтіп, көліктен қоқыс тастағандарға айыппұл салынатын болды. Негізі тиісті заң биыл қаңтарда енгізілген. Алайда тәртіп бұзғандар тек кейінгі айларда ғана жазаға тартыла бастады. Оған жасанды интеллекттің көп көмегі тиді. Технология бейнекамералар арқылы бәрін анықтап отырады. Сөйтіп, күзде Мәскеу облысында рейдтер өтіп, «ақылды камералардың» көмегімен бір жарым миллион рубльге айыппұл салынды. Ережені алғаш рет бұзған жүргізуші 10 мың рубль төлейді. Айыппұлдың ең үлкен сомасы 200 мың рубльге дейін жетеді. Бұл біздің ақшамен бір миллион теңге шамасында. Ең ауыр жаза ретінде көлік те тәркіленуі мүмкін.

 

Қоқысқа қатысты ең қатаң жаза

Шығыс Африкадағы Кения 2017 жылы қоқысқа қатысты әлемдегі ең қатаң жазаны енгізді.

Елде полиэтилен пакет ұстағандар 40 мың доллар айыппұл арқалайды. Тіпті 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Билік осылайша қоршаған ортаның пластикпен ластануын азайтуды көздеп отыр. Қатаң шара өз нәтижесін бере бастағанға ұқсайды. Мұны тұрғындар да, туристер де байқап жатыр. Сондықтан маңайдағы елдер Кенияның үлгісіне қарап, осындай жаза енгізуді жоспарлап отыр.  

Мбути Киньянджуи, мал дәрігері:

- Пластик қоршаған ортаны ластап қана қоймай, өзгелерге қауіп төндіреді. Біз осы заң қабылданбай тұрып, жануарлардың асқазанынан полиэтилен пакеттерін жиі табатынбыз. Билік мұны дер кезінде түсініп, заң жүзінде тыйым салғаны дұрыс болды.

 

Азиядағы ең таза қала

Қоқысқа қатысты тәртіпті қатаң ұстанатын елдің бірі – Сингапур. Мұнда көшеге тасталған сіріңке не кәмпиттің қабығы үшін 150 сингапур долларын не біздің ақшамен 52 мың теңге төлеуге тура келеді. Ал шөлмек не сусындардың құтылары үшін айыппұл көлемі 350 мың теңгеге дейін жетеді. Ережені қайта бұзғандарға бұл сома 5 еселенеді және ол адам қоғамдық жұмыстарға тартылады. Мысалы, көше тазалауға міндеттелуі мүмкін.

 

Бетін бүркеп жүруге болмайды

Ал көрші ел Өзбекстанда жуырда қоғамдық орында бетті бүркеп жүруге тыйым салынды. Енді түр-әлпетін көрсетпей, жабық киінгендер 5 миллион сомға дейін айыппұл арқалайды. Демек оның көлемі 190 мың теңгеге дейін жетеді. Немесе 15 күнге қамауға алынуы мүмкін. Десе де медициналық көрсетілім не жұмыс бабы бойынша бетін тұмшалауға мәжбүр болғандар жазадан босатылады. Билік «заңды жастардың ойын өзгертуге жасалған қадам» дейді. Олардың діни сауатын жетілдіруіне мемлекет еш қарсылық етпейді. Керісінше, ислам өркениетін ұлттық құндылықпен қатар алып жүріп, өзіндік үйлесімділік тапқанға қосымша ынталандыру әдісі енгізіледі, - дейді. Бұған қатысты қоғам пікірі қақ жарылды.

- Менің ойымша, адамдарға еркіндік беру керек. Қандай киім кию қажеттігін әркім өзі шешкен дұрыс. Жеке өзім жабық киініп жүргенді қалар едім.

- Мен оқытушы болып жұмыс істедім. Жастарымыз ұлттық киімін ұмытпаса деймін. Ол – біздің ерекшелігіміз. Соны жоғалтпауға тиістіміз.

- Мен әрдайым өзбекше бас киімімді киіп жүрем. Бұл – біздің ұлттық бояу-болмысымыз. Қыз-келіншектеріміз арасында басқа ұлтқа тиесілі дүниені таңсық қылып жүргендер бар. Сол дұрыс емес. Мемлекеттің талапты күшейткенін қолдаймын.

 

Қар тазалауға кедергі келтіруге болмайды

Тағы бір көрші ел – Қырғызстан астанасы Бішкек билігі де қоғамдық тәртіпті бұзғандармен күресті күшейтіп отыр. Енді қар тазалауға кедергі келтірген көліктер эвакуацияланады. Бұдан бөлек, шаһар мэриясы қоғамдық көлікте билетсіз жүргендерге айыппұл салуды көздеп отыр. Тиісті заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Бұл үшін бір мың сом айыппұл салу ұсынылды . Бұл теңгемен 5 мың шамасында.