Бірнеше ел гуманитарлық дағдарысқа ұшырады

Бірнеше ел гуманитарлық дағдарысқа ұшырады

Әлемнің бірнеше елін гуманитарлық дағдарыс жайлады.

Бұған себеп әртүрлі. Судан тұрғындарын қақтығыс пен құрғақшылық қыспаққа алса, Колумбияда лай көшкіні ауыртпалық әкелген. Перу халқы экологиялық апаттан зардап шегуде.

Суданда 25 миллион тұрғын гуманитарлық көмекке мұқтаж. Бұл халықтың 70 пайызы. Ал 18 миллион адам бір тілім нанға зар. Мұны Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы анықтады. Дағдарысқа құрғақшылық пен саяси топтар арасындағы қарулы қақтығыс себеп. Жағдай өткен жылдың желтоқсан айынан бастап ушықты. Ол кезде ұрыс қимылдары ірі зауыттар мен шаруа қожалықтары шоғырланған орталық және оңтүстік аймақты шарпыған. Бұл елде қазір 1 келі қызанақ 13 доллар, яғни шамамен 6 мың теңге тұрады. Қарулы қақтығыстан қаза тапқандар саны қазір 12 мыңнан асып, шамамен 8 млн тұрғын босқынға айналған.

ЮНИСЕФ: Жүз мыңға жуық бала көмекке мұқтаж

Ауғанстанда жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Герат аймағында жүз мыңға жуық бала шұғыл медициналық көмекке мұқтаж. Бұл арнайы тексеріс жүргізген ЮНИСЕФ мәліметі. Зілзаладан кейінгі 3 жарым айда бірнеше уақытша аурухана тұрғызылған. Осы уақыт ішінде 90 мыңнан астам ауған азаматы ем қабылдаған. Бірақ табиғи апат зардабын тартқан тұрғындарға азық-түлік, киім-кешек пен дәрі-дәрмек ауадай қажет.

Лай көшкіні дағдарыс тудырды

Гуманитарлық дағдарыс Колумбия тұрғындарын да тығырыққа тіреді. Бұған қақтығыс емес, табиғат кінәлі. Лай көшкінінен 33 адам ажал құшып, елде табиғи апат режимі жарияланды. Із-түзсіз жоғалғандар тізімінде ондаған тұрғын бар. Апат болған аймақта азық-түлік, дәрі-дәрмек жетіспей жатыр.

Халық күнкөріс көзінен айырылды

Перудің Тынық мұхиты аймағындағы халық күнкөріс көзінен айырылды. Мұнай танкерін босату кезінде 10 мың баррель "қара алтын" суға төгілген. Салдарынан мыңдаған балық пен жануар қырылды. Тазарту ісі әлі жүріп жатыр. Жергілікті тұрғындар экологиялық апатқа кінәлі компаниядан өтемақы талап етуде.

Ернат Қашқынов