Еуроодаққа кибербуллинг туралы заң керек

Әлемде балалардың 30 пайызы кибербуллингтен зардап шегеді.

Бұл кибербуллингті зерттеу жөніндегі ғаламдық орталықтың мәліметі.

Ал ЮНЕСКО-ның дерегінше мүмкіндігі шектеулі оқушылардың 70 пайызы онлайн буллингке ұшырайды екен. Біріккен Ұлттар Ұйымы бұған ғаламдық деңгейде назар аудару керек деп отыр. Әлем елдері кибербуллингпен қалай күресіп жатыр.

Шынында кибербуллинг - ғаламдық мәселе. Әсіресе жастар үшін қаупі зор.

Біріккен Ұлттар Ұйымының тағы бір мәліметіне сүйенсек: әлем бойынша интернетті ең белсенді қолданушылар - 15 пен 24 жас аралығындағы жастар. Тақырыпты "Шартарапта" жалғастырамын.

Кибербуллинг кең етек жайған елдер

Халықаралық сарапшылар кибербуллинг кеңінен етек жайған елдер рейтингінде Үндістан, Бразилия мен АҚШ-тың көш бастап тұрғанын айтады. Құрама Штаттарда онлайн әлімжеттік көрген балалардың 20 пайызы өзіне қол жұмсауды ойлайды екен. Мамандар балаларға кибербуллинг жасаудың негізгі себептерін былай көрсетеді.

Интернеттегі әлімжеттікке не себеп?

АҚШ-тағы балалардың 61 пайызы түріне байланысты онлайн кемістікке ұшырайды. 25 пайызы оқу үлгеріміне қатысты цифрлық әлімжеттік көреді. 17 пайызына шыққан тегін бетіне басады. Басқа себептерге сексуалды әлімжеттік, қаржылық жағдай және діни сенім жатады.

Кибербуллинг себептері:

Сырт келбеті 61%

Оқу үлгірімі 25%

Нәсілі 17%

Сексуалды әлімжеттік 15%

Қаржылық жағдайы 15%

Діни наным-сенімі 11%

Басқа себептер 20%

Ересектер кибербуллингке ұшырайды

Цифрлық әлімжеттіктен балалар ғана зардап шекпейді. Мұның зиянын үлкендер де тартып жүр. Әлемдегі ересектердің 40 пайызы кибербуллингке ұшырайды. Олардың 23 пайызының ұйқысы бұзылған. 49 пайызының кибербуллингке ұшырауына саяси көзқарасы себеп болған. Екінші орында сырт келбеті. Сосын ұлтына қатысты қағажу көрген.

Қытайда кибербуллинг заңы қабылданды

Әлемнің бірнеше елінде кибербуллингке қарсы заң қабылданған. Алыстан бастамай, мына іргеміздегі Қытайды алайық. Бұл елде балаларға кибербуллинг жасауға тыйым салатын және алдын алатын заң биылғы жылдың 1 қаңтарында қабылданды. Құжат бойынша кінәлілерге 50 мың юаннан 500 мың юанға дейін айыппұл салынады. Бұл 3 миллион мен 30 миллион теңге аралығындағы сома. Кейінгі санақ бойынша, Қытайда интернет қолданушылар саны 1 миллиард адамнан асады. Оның 191 миллионы - балалар.

Жапонияда кибербуллинг заңы қатайтылды

Осындай заң жақында Жапонияда қабылданды. Күншығыс елінде интернет бетінде әлімжеттік жасағандар 1 жылға қамауға алынып, 300 мың иена айыппұл төлейді. Бұл шамамен 1 миллион теңге. Бұған дейін айыпты адам тек 30 күнге ғана қамалып, 10 мың иена, яғни 33 мың теңге төлеп құтылатын.

Еуроодаққа кибербуллинг заңы керек

Ирландияда 2018 жылы кибербуллингке ұшыраған Николь Фокс есімді жас қыз өзіне қол жұмсап, елде үлкен шу болды. Бойжеткеннің анасы 35 мың адамның қолын қойдырып, ақыры 2021 жылы арнайы заң қабылдатқан. Содан бері онлайн әлімжеттік жасағандар 5 жылға сотталып, 2 жарым мың еуроға дейін айыппұл төлейді. Бұл 1 миллион 230 мыңға жуық теңге. Қазір елде кибербуллинг бойынша 105 адам қамауда отыр. Енді Никольдың анасы ЕуроОдақ көлемінде заң қабылдату керек дейді.

ЦИТАТА:

"Қызым Николь кибербуллингтің құрбаны болды. Қыршын кетті. Баламнан айырылғанда өмірден түңілдім. Менің қасіретімді ешкімнің басына бермесін. Осындай қайғы қайталанбас үшін бүкіл Еуропада кибербуллингті қатаң жазалайтын арнайы заң керек. Дене жарақатына қарағанда интернет арқылы жасалған зорлық-зомбылық салдарын мидан шығарып тастау өте қиын."

Джеки Фокс, кибербуллинг құрбаны Никольдың анасы

Зерттеу орталықтары балаларға кибершабуыл көбірек жасалатын әлеуметтік желілердің де реттік тізімін анықтады. Ең зиянды үштікке YouTube, Snapchat және TikTok кіреді. Жалпы мамандар әлеуметтік желінің әлегін азайту үшін балаларға цифрлық әлемдегі мінез-құлық туралы жан-жақты, толымды ақпарат берген дұрыс дейді.