Бір бас киім үшін бір аю өлтіріледі

Әлемнің бірқатар елінде жабайы аңның терісін өңдеуге тыйым салынды.

Мәселен, Жапонияда осыдан 8 жыл бұрын барлық тері өңдеу қожалықтары жабылған.

Ал Үндістанда қаракүзен, түлкі және шиншилланың терісін өңдеуге болмайды.

Жануар терісін өңдеуге тыйым ең алдымен оларды қырып-жоюдан сақтау үшін қажет.

Әлемге әйгілі британиялық актер Стивен Фрай Ұлыбритания Патшасының Ұлттық ұлан сарбаздарының бас киіміне аң терісін пайдалануға тыйым салуды талап етті. Әртіс оны жасанды былғарымен ауыстыру керек дейді. Стивен Фрай "дәстүрді сақтаймыз деп аңдарды қырудың қажеті жоқ" деген пікірді ұстанады. Шу тудырған бас киімнің биіктігі 46 сантиметр, ал салмағы 4 келіге жуықтайды. Британия жыл сайын жүз шақты бас киімге тапсырыс береді екен. Біреуінің бағасы - шамамен 900 доллар.

Цитата: Бір бас киімді жасауға бір аюдың терісі кетеді. Ұлыбритания үкіметі тапсырыс беру арқылы аюларды өлтіруге сұраныс тудырып отыр. Қорғаныс министрлігіне «Ұлттық Ұланның бас киімін ауыстыру керек» деген сәлемімді жеткізіңіздер.

Стивен Фрай, актер

Фрайдың сәлемі бірден жеткен болуы керек. британиялық Қорғаныс министрлігінің жауабы да көп күттірмеді. Олар «Әскери бас киімдер жасалатын аюлар заңмен рұқсат етілген тәртіпте ауланады» деп жауап берген.

Тері өңдеуге қарсы еуропалық елдер

Ұлыбритания үкіметі Еуропа елдерінің арасында алғашқы болып жануар терісін өндіруге тыйым салды. Шешім осыдан 24 жыл бұрын қабылданған. Кейін бұл науқанға Австрия, Нидерланд, Словения қосылды. 2018 жылы бірден 3, ал 2019 жылы 2 еуропалық ел тыйым салған. Словакия да осы қатарда. Былтыр Бельгия заң шығарды. Ал Босния және Герцеговинада тері өндірісіне тыйым салатын құжат 2029 жылы күшіне енбек. Қазір аталған заң жобасы Польша, Ирландия, Литва мен Эстонияда талқылану үстінде.

Жануар терісін өңдеуге тыйым салған елдер:

Ұлыбритания 2000

Австрия 2004

Нидерланд 2012

Словения 2013

Хорватия 2018

Норвегия 2018

Люксембург 2018

Чехия 2019

Сербия 2019

Словакия 2021

Бельгия 2023

Босния және Герцеговина 2029

ЕО-да тері өндірісіне тыйым салына ма?

«Кәрі құрлықта» бұл мәселе әзірге жекелеген елдер деңгейінде ғана іске асып жатыр. Тері өндірісіне толығымен тыйым салу бойынша ЕуроОдақ басшылары ортақ келісімге келе алмай әлек. Мұның себебін жауапты еурокомиссар былай түсіндіреді:

Цитата: Жануар терісін өндірісте пайдаланудың ешқандай зияны жоқ деген ғылыми тұжырым әлі жасалған жоқ. Негізі бұл сараптаманы Еуропаның Азық-түлік қауіпсіздігі агенттігі беруге тиіс. Бірақ олар әлі тиянақты түйінін айтпай отыр. Жануарлардың ішінде барлық ЕуроОдақ елдерінде өсірілетін сауын сиыр, тауық пен доңызға тиіспеу туралы шешім бар.

Стелла Кириакидес, ЕО денсаулық және азық-түлік қауіпсіздігі бойынша комиссары

Егер тыйым толық қолдау тауып, заңға айналса, онда ЕуроОдақ бойынша 1 мың шаруа қожалығы жұмысын тоқтатпақ. Экономистер бұдан 225 миллион еуро шығын келеді дейді. Бұл 110 миллион теңгеден асатын сома. Таразының бір жағында жануарлар құқығын қорғаушылар мен экологтар тұрса, екінші жағында тері өңдеуден қыруар пайда тауып жүрген кәсіпкерлер тұр. Сондықтан да бұл мәселе өте күрделі.