Германияда теміржолшылар ереуілге шықты

Кәрі құрлық елдерінде ауқымды ереуілдер өтіп жатыр.

Бір мемлекетте теміржолшылар жұмысқа шығудан бас тартса, енді бірінде тракторшылар жолдарды жауып, үкіметке наразылық білдіруде. 

Расымен де жыл басталмай жатып, Еуропада шерулер көбейіп кетті. Мәселен, Испанияда тұрғындар биліктің экологиялық дағдарыспен күрес шараларына наразы. Себебі пластик түйіршіктері суға жайылып, біраз бөлігі жағалауға шығып қалған. Ал бұл түйіршіктерде улы заттар болуы мүмкін деген қауіп бар.

Германияда теміржолшылар тағы да ереуілге шықты. Бұл жолғы шеру ел тарихындағы ең ауқымды наразылық акцияларының бірі болғалы тұр. Өйткені ол дүйсенбіге дейін жалғасады. Осы уақытқа дейін бүкіл Германия бойынша жүк және жолаушылар пойызы тоқтайды. Сарапшылардың болжамы бойынша, оның салдары мемлекет экономикасына ауыр соққы болып тиеді. Себебі теміржол қызметкерлерінің бас көтеруінен күн сайын шамамен 30 миллион еуро залал келеді. «Расымен де, әлсіз макроэкономикалық көрсеткіштер мен жоғары пайыздық мөлшерлемелер жағдайында бұл өте алаңдатарлық жайт. Бұған қоса, Таяу Шығыстағы шиеленістің кеме қатынасына кері әсер етіп, жығылғанға жұдырық болып тұр», - дейді сарапшылар.

Майкл Грёмлинг, экономист:

- Таяу Шығыста болып жатқан қарулы қақтығыстар кесірінен әлемдік кеме қатынасы қиындыққа тап болды. Яғни жүк жеткізу уақыты ұзарып кетті. Ал біз өндірген тауарларды кемелерге жеткізу үшін алдымен оларды пойыз арқылы порттарға тасымалдау қажет. Теміржолшылар жұмысқа шықпаса, бұл істе іркіліс туатыны сөзсіз. Сәйкесінше, экономикамызға зияны тиеді.

Жалпы, мұндай ереуіл Германияда бірінші рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Осыдан екі апта бұрын ғана машинистер 3 күнге көшеге шыққан еді. Сол кезде теміржолшылар жалақының аздығына шағымданып, үкіметке бірнеше талап қойған болатын. Олардың ең негізгісі - айлықты 555 еуроға көтеру. Сондай-ақ, жұмыс уақытын қысқарту және 3 мың еуро көлемінде бір реттік сыйақы беру. Талап орындалмайынша, наразылық шараларын қайталай беретіндерін ескерткен еді.

Шаруалар наразылығы жалғасып жатыр

Ал Францияда фермерлер шеруі басылмай тұр. Наразылық акциясының жалғасқанына 2 апта болды. Бүкіл ел бойынша шаруалар тракторларымен жолдарды жауып, биліктің ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға наразылықтарын танытып жатыр. Олардың айтуынша, осының кесірінен фермерлердің табысы төмендеп кеткен.

Кристоф Бёвсаерт, шаруа:

- Шенеуніктер кеңседе отырып алып, түрлі ережелер бекітеді. Бізге жаһандық жылыну, климаттық мәселелердің барын айтады. Бірақ құрғақшылық кезінде дақыл өспейтінін ескермейді. Ал алқаптарды суаруға көшсек, бірден айыппұл салады. Бұдан әбден мезі болдық. Егістікте не болып жатқанын білмей шешім қабылдайтын адамдардан шаршадық.

Айта кетейін, дәл осындай акциялар Польша, Германия мен Нидерланд елдерінде өтіп жатыр. Шаруалар шеруге шығып, ауылшаруашылық секторын реттеуді талап етуде.

Өз кезегінде Румынияда жүк көлігі жүргізушілері мен шаруалар жанармай мен тыңайтқыш бағасының қымбаттап кетуіне қарсылық білдіруде. Соның кесірінен көптеген компания жабылуға жақын қалған. Осыған байланысты шерушілер бұл мәселені тез арада шешуді талап етіп жатыр. Әйтпесе, жолдарды толығымен жауып тастайтындарын айтады. Қазірдің өзінде бүкіл ел бойынша көлік қозғалысы қиындаған.