Қарсыз қыс Италия кәсіпкерлерін шығынға батырды

Италияда биыл қар аз жауып, Терминиллодағы тау шаңғы курорты жабылып қалды.

Салдарынан өңірдегі дүкендер мен мейрамханалар жұмысын тоқтатып, кәсіпкерлер шығынға батып жатыр. Италиядағы шаңғы трассаларының шамамен 90%-і жасанды қарды пайдаланады. Бірақ мамандар: «Бұл дәл қазір тиімсіз», - дейді. Өйткені арнайы техниканы қолдану парниктік газдардың көбеюіне әкеліп, ахуалды одан бетер ушықтыруы мүмкін. Тіпті 2100 жылға дейін елдің көп ауданында қыста қар жаумайды деген болжам бар.

Ливия Балдуччи, саяхатшы:

- Осыдан 6 жыл бұрын келгенімде қардың көп болғаны сонша, баспалдақтарды қардан тазалаған едік. Қазір қыс қыс емес, жазға ұқсайды. Тіпті жасанды қарды да жасауға болмайды, өйткені жылы ауа райы оған мүмкіндік бермейді.

 

Қалың қардан жол қозғалысы шектелді

Ал Жапонияда қар қалың жауып, оның соңы көктайғаққа ұласқан. Соның салдарынан түрлі жарақатпен ауруханаға түскен жандар көбейген. Ауа райының қолайсыздығынан теміржол мен әуе қатынасы да тұралады. Токиода пойыздар жүрмей, Ханеда әуежайындағы 100-ден астам ішкі және халықаралық рейс кейінге шегерілді.