АҚШ астанасында соңғы жылдары қылмыс көбейген

Әсіресе қарумен шабуыл жасап, адамдарды атып кету оқиғалары көбейіп барады.

Республикалық партияның өкілі, конгрессмен Эрик Берлисон қалада зорлық-зомбылықтың артқаны соншалық үйге кеш қайтуға қорқып, Капитолийге қонған кездері болғанын айтады.

Былтыр АҚШ астанасында кісі өлтіру дерегі 35 пайызға, ал көлік ұрлау екі есе көбейген. Бұл Вашингтондағы полиция департаментінің мәліметі. Биыл жыл басынан 57 көлік ұрлығы тіркелді. Жақында тағы бір осындай оқиға кісі өлімімен аяқталды. Күдікті Ақ үйден 1,5 шақырым жерде Дональд Трамптың сауда бойынша бұрынғы әкімшілік басшысының көлігіне отырып, оны атып кетті. Ал осыдан бірер ай бұрын Капитолий маңында белгісіз біреулер конгрессмен Генри Куэллерге тапанша кезеп, көлігін ұрлап әкетті.

Генри Куэллер, конгрессмен:

- Мен көлігіме қарай бара жатқам. Кенеттен үш жігіт алдымнан шығып, маған тапаншаларын кезеді. Менде қара белбеу бар, бірақ бірнеше адам қару бағыттағанда дәрменсіз күйге түседі екенсің. Сөздерінен менің көлігім керек екенін түсініп, кілтімді бердім. Бірақ соңынан полиция оның ішінде қалып қойған телефон арқылы көлігімді тауып, қайтарып берді.

Шаһарда осындай қылмыстардың артқанына алаңдаған Әділет министрлігі Колумбия огругіндегі зорлық-зомбылықпен күресуге қосымша күштерді жұмылдыруды жоспарлап отыр. Ал қала кеңесі Қауіпсіздік туралы заңның жаңа нұсқасын дайындауға кірісті.

Айжан Сыдықова, тілші:

- Өткен жылы АҚШ астанасында мыңға жуық көлік ұрланған. Бұл шамамен күніне үш көлік ұрланады деген сөз. Сорақысы сол, автокөлік барымташыларының басым көпшілігі кәмелетке толмағандар. Аталған кезеңде 274 кісі өлімі тіркелген. Бұл АҚШ-тың басқа да ірі қалаларымен салыстырғанда ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі. Құқықбұзушылықтың құрық бойламай кетуіне қаладағы полиция кадрларының тапшылығы да себеп болып отыр. Қала мэрі Мэриэл Баузердің айтуынша, қылмыспен күресуге 800 маман жетіспеушілігі бар.

Дегенмен статистикаға сүйенсек АҚШ-та жалпы былтыр кісі өлтіру деректері 12 пайызға азайған. Бірақ көпшілік жиналған орындарда адамдарға оқ ату, яғни атыс оқиғалары артқан. Gun violence Archive зерттеу тобының мәліметіне қарағанда 2023-ші жылы осындай 656 дерек тіркелген екен. Соңғы жылдары АҚШ мектептерінде де мұндай жайттар тіпті көбейе түскен. Былтыр білім ошақтарында 346 оқ атыс оқиғасы орын алды. Бұл 1966 жылдар бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Ал сарапшылар «жағдай биыл да жақсара қоймас» дейді. Себебі, Конгресс Қаруды бақылау туралы жаңа заңжобаларын әлі қарастыруға кіріспеген.  

Авторы: Айжан Сыдыкова