Әлемді әбігерге салған тілсіз жау

Әлем елдерінде орман өрті өршіп тұр. Тілсіз жау Қытай, Австралия және Гватемаладағы таулы алқаптарда жүздеген гектар жерді шарпыды.

Өрт сөндіруге мыңдаған маман мен техника тартылған.

Қытай

Қытайдың оңтүстігіндегі Гуанси-Чжуан автономиялық ауданындағы таулы аймақта орман өртеніп, тілсіз жау 133 гектар жерді шарпыды.

Жергілікті полицияның дерегіне сүйенсек, өрттің шығуына Лей округіндегі электр желілерінің істен шығуы себеп болған. Қатты желден өрт одан әрі өршіп, жақын маңдағы таулы аймақтарға тараған. Өртті сөндіруге мыңнан астам маман мен техника жұмылдырылды.

Австралия

Ал Австралияның Виктория штатында 50 гектар орман алқабы күлге айналды.

Бұдан штат маңындағы ауылдарға келетін қауіп көп. Халықтың бағып отырған малы қырылып қалуы әбден мүмкін. Өйткені тілсіз жау ырық берер емес.

Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдемесіне сәйкес, өрт сөндіруге 1000-нан аса маман, 24 ұшақ пен 100-ге жуық техника тартылған. Соған қарамастан, оттың сөне қояр түрі жоқ. Оған жоғары температура мен құрғақшылық себеп, - дейді мамандар. Қазірдің өзінде бірнеше нысан толығымен өртеніп кетті.

Гватемала

Гватемаланы да алапат орман өрті шарпыды.

Қазірдің өзінде 15 жерде орман жанып жатыр. Ең ірісі Агуа жанартауы орналасқан аймақта. Өрт сөндірушілер қызыл жалынмен 1 аптадан бері алысып жатыр. Оған 300-ден астам маман, 100-ге тарта техника қатысуда.  Жергілікті билік өртті толық сөндіру үшін тағы 1 апта керек дейді. Бұл жақта да құрғақ ауа мен жел кедергі келтіріп тұр.

Фариза Жанғанаева, 24.KZ.