Моңғолия қар құрсауында қалды

Кей өңірде ақ ұлпаның қалыңдығы бір метрден асады.

Жайылымды қалың қар басқандықтан, 3 миллион бас мал қырылды. Бұл халқының жартысына жуығы мал шаруашылығымен айналысатын мемлекет үшін ауыр соққы болып отыр. Қазір шаруаларға көмек көрсету үшін арнайы штаб құрылды. Қызыл Крест өкілдері де қол ұшын созып жатыр. Ал Чили халқын керісінше аптап ыстық әбден әбігерге салды. Мамандар енді орман өрті жиілеуі мүмкін екенін ескертеді.

Моңғолия қар құрсауында қалды

Моңғолия аумағының 80%-і кейінгі 50 жылда болмаған қалың қар құрсауында қалды. Ауа райының қолайсыздығынан ең алдымен шаруалар зардап шегіп отыр. Өйткені ел экономикасы мал шаруашылығына тәуелді. Тұрғындардың 40%-і осы салада еңбек етеді. Былтырғы статистика бойынша халық саны 3 миллион 400 мың адам болса, төрт түлік саны 65 миллионға жуықтаған. Қалың қардан бөлек, сақылдаған сары аяз да ырық берер емес. Салдарынан шаруалар малын тебіндетіп, жая алмай отыр. Мәліметке қарағанда, 3 миллион бас мал қырылып қалған. Жоғарғы оқу орындары отбасылары мал шаруашылығымен айналысатын студенттерді жақындарына жәрдемдесу үшін бір айға оқудан босатты.

Тенгис, студент:

- Қазір ауылда әке-шешем мен әпкем ғана. Олар мал өсірумен айналысады. Үшеуіне көмек қажет. Жылқыларымыз жоғалып кетіпті. Соларды іздеп табуым керек.

Намнан Тумурпурев, ғылым және технология университетінің президенті:

- Жақын маңдағы 3 өңірге барып қайттым. Жолдардың көбі жабық тұр. Сондықтан шаруаларға көмек те дұрыс жеткізілмей жатыр. Сондықтан студенттерімізге бір айға үйлеріне қайтып, жақындарына жәрдемдесуге мүмкіндік бердік.

 

Жаһандық климат өзгерісінің зардабы

Моңғолия тұрғындары қалың қар мен аяздан жапа шексе, Чикаго жұрты керісінше биылғы ақпанның ерекше жылы болғанына таңғалып жатыр. АҚШ-тың бұл қаласының қысы әдетте суық әрі ұзаққа созылатын. Наурыздың соңына дейін ызғар кетпейтін. Бірақ биыл ауа райы өзгеше. Кеше сынап бағанасы +19 градусқа дейін көтерілген. Бұл – 70-ші жылдардан бері болмаған жағдай. Сарапшылар мұны: «климаттың өзгеруінің салдары», – дейді. Жұрт болса бұған мұнай өндірушілерін кінәлап отыр. Бірнеше күн бұрын шаһар басшылығы 5 ірі мұнай-газ компаниясын сотқа берді. Олар қазбалы отынның қоршаған ортаға әсері жайлы ақпаратты жасырып келген көрінеді.

 

Орман өрті жиілейді

Чилиде де қазір күн ыстық. Жергілікті ғалымдар да мұны жаһандық жылынумен байланыстырып отыр және оның ұзаққа жалғасып, салдары ауыр болатынын айтады. Аптап ыстықтан осы айдың басында Чилидің орталық аудандарында ну орман отқа оранып, 150-ге жуық адам опат болды. Ғалымдар климаттың өзгеруінен алдағы уақытта осындай табиғат апаттары жиілеуі мүмкін екенін ескертеді.