Индонезияда күрішке сұраныс артты

Тұрғындар бір қап ақ маржан үшін таңнан кешке дейін кезекке тұруға мәжбүр.

Өйткені қуаңшылықтың кесірінен дақылдың түсімі төмендеп, баға рекордтық деңгейге жеткен.

Соңғы кезде Джакартаның азық-түлік дүкендерінде үймелеген жұртты жиі кездестіруге болады. Өйткені елде дақыл өндірісі тоқтап, жергілікті халықтың негізгі азығы - күріш таусылуға жақын. Мемлекет субсидиялағанның өзінде күріштің құны қалтаға салмақ салуда дейді тұрғындар.

Масих, жергілікті тұрғын:

- Күріш қымбаттап кетті. Халықпен таласып, тармасып, күн ұзаққа кезекке тұрсам да дақылды осы жерден сатып алмай кетпеймін. Өйткені оның бағасы базарда тіпті, қымбат.

Мәселе Индонезияда күріш бағасы шарықтап, соңғы 16 жылдағы жоғары рекордтық деңгейге жеткен. Сарапшылар бұған әлемдегі ең ірі жеткізуші Үндістанның өнім экспортын шектеуі себеп дейді. Өйткені алып мемлекетті құрғақшылық жайлап, егістік алқаптары күйіп, күріш бітік шықпаған. Бұл көрші нарықтарға бірден сезілген.

Лилис Сурьяни, жергілікті тұрғын:

"Шығынымыз онсызда бала-шағамыздан артылмайды. Біз күніне бір жарым келі күріш тұтынамыз. Дақылдың құны тағы көтерілетін болса, отбасымызбен наразылық танытып, ереуілге шықпақпыз".

Статистика бойынша Индонезияда өнім құны былтырғы жылмен салыстырғанда 16 пайызға артқан. Билік күріш тапшылығының алдын алу үшін шұғыл шаралар қабылдап, тұрғындарды жеңілдетілген бағада қамтамасыз етуге кұш салып жатыр. Бірақ соның өзінде баға ырық берер емес.

Рики Сухендер, аудан басшысы:

"Нарықта күрішке сұраныс артқандықтан, оның құны да біртіндеп өсіп жатыр. Қазір осы тауарға тапшылықты жою мәселесімен жергілікті азық-түлік сатып алу агенттігі айналысып жатыр".

Алайда жергілікті үкімет қолға алған шаралар әлі нәтиже бермей тұр. Сарапшылар мәселе тез арада шешілмесе елдегі азық-түлік тапшылығы туындауы мүмкін дейді. Түйткілді еңсерудің бірден бір жолы ретінде ауыл шаруашылығына инвестицияны ұлғайтуды ұсынып отыр.

Әсия Нұрлыбаева