Байден тараптарды Рамазан айы қарсаңында бітімге келуге шақырды

АҚШ президенті Джо Байден Израиль мен Хамас тарапы Рамазан айы қарсаңында бітімге келеді деп үміттенеді.

Ол мұндай мәлімдемені Ақ үйде журналистермен кездесу барысында жасады. Алайда Байден АҚШ-тың Газа тұрғындарына әуе арқылы қашан гуманитарлық көмек жөнелтетені жөнінде нақты жауап бере алмады. Еске салайын, бұған дейін саясаткер палестиналықтарға көмек көлемінің жеткіліксіздігі мәселесін көтерген еді. Артынша АҚШ билігінің жуық арада Газа аймағына гуманитарлық жүк жеткізе бастайтынын мәлімдеді.

Джо Байден, АҚШ Президенті:

- Біз бұл мәселе бойынша нақты шешімге келмей, жұмысты тоқтатпаймыз.

Иордания парашют арқылы гуманитарлық көмек жеткізді

Иордания билігі Газа секторынының солтүстігіне бірнеше ұшақтан парашют арқылы гуманитарлық көмек жеткізді. Өйткені Мысырдан Газаға жөнелтілетін көмек ағыны соңғы аптада күрт төмендеген. Бірақ Израиль тарапы оған тосқауыл қоймағанын жеткізді. Кідірістерге БҰҰ мен Палестина тарапын кінәлап отыр. БҰҰ-ның мәліметінше, өңір халқының ширегі, яғни 576 мың адам аштыққа шалдыққан. Таяу арада шұғыл көмек жеткізілмесе, тұтас аймақтың аштықтан қырылатын түрі бар дейді сарапшылар.