Ұлт көсемінің рухына тағзым

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның Мәскеуде атылғаны белгілі.

Деректер оның сүйегі өртеліп, күлі сондағы Дон зиратына көмілген дейді. Кеше оның туған күніне орай Мәскеудегі қазақтар мен алаш ардақтысының ұрпақтары сол қорымға барып, құран бағыштады.

Профессор Нұрым Бөкейханов – Әлиханның Әзіхан деген інісінің немересі. Атақты бабасының ізімен ғылым мен әдебиетті зерттейді. Сексеннің сеңгірінен шықса да университетте ұстаздық қызметін жалғастырып келеді. 15-ке жуық ғылыми еңбектің авторы. Сонымен қатар Нұрым Бөкейханов Алаш көсемінің мұрасын сақтап, зерттеуді өзінің парызы деп санайды.

Нұрым Бөкейханов, профессор:

- Көп жылдар бойы Әлихан Бөкейхановтың туысы екенімді білмедім. Бірақ оның аты, рухы, атақ-даңқы менің өміріме зор ықпал етті. Әлихан атамыздай тарихи тұлғаның рухы тек маған немесе басқа туыстардың жеке өміріне ғана емес, біздің  бүкіл қоғамымызға ықпалы зор.

Әлихан Бөкейханов өмірінің соңғы 15 жылын Ресей астанасында өткізді. Себебі билік оны Қазақстанға қайту құқығынан айырған. Мәскеуде Алаш көсемі ғылыми және әдеби зерттеулермен  айналысты. Соңынан екі баласы қалды: Зейнеп – Елизавета және Үкітай – Сергей. Сергейдің ұлы Евгений мен немересі Петр Бөкейханов күні бүгінде Мәскеуде тұрады. Әлихан Бөкейхан ұрпақтарының барлығы дерлік ғылым, тарих және әдебиет саласында еңбек етеді. Десе де «ұлы қайраткер өмірінің мәскеулік кезеңі әлі де толық зерттелмеген», дейді тарихшылар.

Алма Сайлауқызы, алаштанушы:

- Сонау ашаршылық кезінде арнайы комиссия құрып, мың-мыңдап қырылып жатқан қазақты аман алып қалуға күш салды. Қазақ ғылымын дамытты. Жас өрендерді баулып, оқулық жазуға атсалысты. Сонымен қатар алғашқы тәуелсіз ұлттық басылым «Қазақ» газетінің шығуына зор үлесін қосқан азамат. Біз әрине Әлихан Бөкейхан жұмысының әрбір қырын әлі де зерттеп, салалық тұрғыдан бағамдап, өскелең ұрпаққа үлгі етуіміз керек.

Дон бейітінде Нығмет Нұрмақов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Жаханша Досмұхамедов сияқты алаш қайраткерлері жерленген.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров