Моңғол даласын жұт жайлады

Жұт біздің елді ғана емес, малдың жайына қанық Монғолияны да әбден тығырыққа тіреді.

Биыл мұнда 1 жарым миллион бас қырылып қалды. Қоян жылы шаруаға қырсыз болды. Малшыға да, малға да оңай емес. Ақ қар, көк мұзыңыз осы. Биыл бұл елде қар қалың түсіп, кей тұста мұз қатқан. Даладағы мал тебіндей алмады.  

Моңғолияда қыс қатты. Сынап бағанасы кей кезде минус 50 градусқа жеткен. Былтыр жыл аяғында Моңғолияда қой, ешкі, жылқы және сиырды қосқанда барлығы 64,7 миллион бас мал болған. Енді соның 1 жарым миллоны жоқ. Жалпы елде мұндай жұттың ең ірісі 2010-2011 жылдары болып, 10 млн бас мал қырылса, 2022-2023 жылдары 4,4 млн мал аязда қатып қалған. Оның зардабын, төрт түлік өсіріп, күнін көріп отырған тұрғындар тартып отыр. Біріккен ұлттар ұйымы келтірген дерекке сүйенсек, 190 мыңнан астам малшының, яғни халықтың 70 пайызының күнкөрісі қиындаған.

Хосбаяр, малшы:

- Бұдан да ауыр кезеңдерді бастан өткердік. Биыл қыс өзінше қатты болды. Өзім бағып отырған 2 сиырымды жұт жұтып кетті. Қазір енді қалғанын жайылымға шығармай, қорада ұстап отырмыз.

Қиналып жатқан малшыларға жәрдемдесу үшін кейбір университет студенттері бір айға оқудан босатылды. Өйткені, аяздан бөлек елде қар да қалың түскен. Қалыңдығы бір метрден асады. Жолдардың бәрін қар басқандықтан, жол-көлік қатынасы қиындаған. 

Тенгис, студент:

- Қазір, ата-анам, әпкем ауылда, үйде қалды. Малға қарайласу керек. Біраз сиыр жоғалып кеткенін естідім. Қазір отбасымның жанында болуым дұрыс деп ойлаймын.

Намман Тумурпурев, Моңғолия ғылым және технология университетінің директоры:

- Университеттегі 700-дей студент өзі сұранды. Өйткені олардың бәрі малшылар отбасынан шыққан. Қиын қыстау кезеңде, билікпен ақылдасып, оларды оқу кезінде 4 аптаға жіберуді жөн көрдік.

Техаста сиырлар өрттің ортасында қалды 

Моңғолияда жүдеу мал аязға шыдас бермей жатса, Техаста мыңдаған сиыр өрт ортасында қалып, түгел жанып кетті. Мұнда 1 айдан бері орман өрті басылмай тұр. Ауыл шаруашылық министрлігінің дерегі бойынша, Техаста 12 миллион сиыр бар. Пандхал ауданындағы халықтың 85 пайызының негізгі күнкөріс көзі де осы түлік. Қазір штаттағы 60 округте төтенше жағдай енгізілді. Күшті жел, жылы және құрғақ ауа райы өрттің тез тарауына себеп. Бұл - АҚШ тарихындағы екінші ірі өрт оқиғасы.

Ченс Бауэрс, малшы:

- 15 жылдан бері осы сиыр бағып, оны одан ары көбейтеміз деп жүргенде, тілсіз жау бәрін жалмап кетті. Әрине қаншама малдың бір сәтте қырылып қалғаны жаныңа батады.

Мал қаққан көлік иесі жауапқа тартылады

Малдың жауы суық пен өрт қана емес екен. Көлік қағып қырылып жатқандар да аз емес. Мәселен, кейінгі 6 айда Оңтүстік Австралияда 1800-ге жуық ірі қараның өлімі тіркелген. Жол-көлік апатына қатысы бар азаматтар, заң алдында сотқа тартылып, ісі қаралатын болады. Жергілікті билік жануарларға бей-жай қарамауға, олардың өмірін сақтауға шақырады.