Пусан қаласында қазақтың ұлттық киімдері көрсетілді

Оңтүстік Кореяның ірі қаласы Пусанда қазақтың ұлттық киімдері көрсетілді.

Наурыз мерекесіне орайластырылған шараны жергілікті халықаралық әйелдер қауымдастығы ұйымдастырды.  

Оңтүстік Кореяның оңтүстік бөлігінде наурыз айында көктем фестивальдері басталады. Оның бірін Пусанда жұмыс істейтін, құрамына шетелдік дипломаттардың жарлары кіретін халықаралық әйелдер қауымдастығы өткізді. Фестивальде қазақ және жапон ұлттық киімдері көрсетілді. 

Курита Юко, Жапония вице-консулының жары:

- Маған қазақтың ұлттық киімдері қатты ұнады, әдемі болды. Мен бейнероликтердегі өте әдемі пейзаждарды көріп, бір рет болса да Қазақстанға барғым келді.

Фестиваль қонақтары Қазақстанның көрікті жерлерімен танысып, қазақ кәдесыйларын сатып алды. 

Ли Ги Ён, халықаралық әйелдер қауымдастығының президенті:

- Бүгін қазақ және жапон киімдері көрсетілді. Осындай мәдени шаралар арқылы біз халықтар арасындағы достықты нығайтып келеміз. Жәрмеңкеден түскен қаражат жетім балалар мен қарттарды қолдауға жұмсалады. 

Сайрагүл Разбекова, ҚР Бас консулының жары:

- Кәріс елі біздің елімізге өте үлкен қызығушылық танытып отыр. Олар Қазақстан туралы, жеріміз туралы, біздің мәдениетіміз туралы білгісі келеді. Корейлер біздің ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен безендірілген әдемі  киімдеріміз бен  тәтті шоколадтарымызды жақсы көреді. Өте үлкен сұранысқа ие.

Фестивальге қатысушылар алдағы уақытта елімізге келуге ниет білдірді. Бұл жоспарларды жүзеге асыруға Пусанды Қазақстан қалаларымен байланыстыратын жаңа әуе бағыты көмектесуі мүмкін. Бұл жөніндегі келіссөздер биыл басталды. 

Владислав Цой, Ольга Лян