Израиль әскері ауруханаға шабуыл жасады

Израиль әскері Газаның солтүстігіндегі Шифа ауруханасында Хамас қозғалысына қарсы әскери операция бастағалы ұйымның 20 мүшесін өлтірген.

Ал Израиль тарапынан 1 сарбаз мерт болды. Бұл туралы Цахал өкілі хабарлады. Оның сөзінше, арнайы күштер жаяу әскер мен танкілерді қолдану арқылы соққыны нысанаға дөп тигізген. ХАМАС-қа мүше тағы 200 кісі қолға түсті. Оларды тергеу басталды.

Дэниель Хагари, Цахал қозғалысының өкілі:

- ХАМАС ұйымы ауруханалар мен ғимараттарды паналап, сонда жасырынуын жалғастырып жатыр. Бірақ олардың бұл әрекеті бейбіт тұрғындар мен емделушілерге қауіп төндіріп жатыр. Емдеу орны ХАМАС-тың негізгі баспанасы ретінде жұмыс істеп тұр. Бірақ біз бұған жол бермейміз. ХАМАС қайда, кімге барып жасырынса да, шабуылымызды тоқтатпаймыз.

Ал Израиль әскерінің тінтуінен соң палестиналықтар Газаның оңтүстігіне қарай қоныс аудара бастаған. Олардың сөзінше, шабуыл басталғалы бірнеше бейбіт тұрғын қаза тапқан. Кей ғимараттардан өрт шығып, қарапайым халықтың өміріне қауіп төнді. Үрейі ұшқан жұрт дереу жүгін жинап, оңтүстікке қарай қаша жөнелді.

Одай Насралла, жергілікті тұрғын:

- Біз балконның терезесінен танкілер мен бульдозерлерді байқадық. Әскери көліктермен көшенің күл-талқанын шығарды. Таң атпай есікке бомба лақтырып, үйді тінте бастады. Әйелдер мен балаларды қалдырып, ағаларымды өздерімен бірге алып кетті.