Жасанды интеллект игілігі

Технократтар заманында күн сайын жаңа технологиялардың пайда болуы қалыпты жағдайға айналды.

Әсіресе, жасанды интеллект. Бүгінде ол жекелеген адамдардың санасынан бастап мемлекеттік басқаруға, тіпті бүкіләлемдік экономикаға жаңа серпін, оң өзгеріс әкеліп жатыр. Десе де кері ықпалы да бар. 

Мұнымен келіспеуге болмайды. үздіксіз дамып келе жатқан жасанды интеллект адамдарға қызық болғанымен, оның мүмкіндігі ел арасында алаңдаушылық туғызып отыр десек, артық айтқандық емес. Келешекте нейрожелінің құлына айналып кетпейміз бе қорқады қоғам.  

Ғалымдар ХХІ ғасыр жасанды интеллект ғасыры екенін айтуда. Бүгінде әлемде жасанды ақыл-ой технологияларының алғашқы қарлығаштары әр салада қолданылып жатыр. Мәселен, Қытайда жасанды интеллект арқылы басқарылатын техникалар ауыл шаруашылығы саласында пайдаланыла бастады. Тракторларға бейнебақылау камералары орнатылған. Ол тек бейнені ғана емес, жердің қаншалықты ылғал екенін де көрсетеді. Соған қарап шаруалар тракторға түрлі тапсырма береді. Қазір жаңа технологияны Цзянсу провинциясындағы фермерлер пайдаланып отыр. Болжам бойынша жасанды интеллект көп ұзамай есепшілер мен қаржыгерлердің де орнын алмастырады. Ол арқылы адамдарға диагноз қоятын күн де алыс емес дейді мамандар.  

Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметі бойынша, 2025 жылға қарай әлемде автоматтандыру әсерінен 85 миллион жұмыс орны жоғалуы мүмкін. Бұл ретте жасанды интеллект арқасында 97 миллион жаңа жұмыс орны құрылатынын да ескеру керек. Мысалы, нейро желілерін әзірлеуші, техникалық қызмет көрсетуші және жөндеушілер қажет болады. Сондай-ақ   кәсіпкерлікке  жаңа мүмкіндіктер ашылады. Кейбір сарапшылардың болжамы бойынша, жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын  үлесі – дүниежүзілік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігіне пара-пар болады.

Жасанды интеллектінің кері әсері

Бірақ нейрожелінің кері тұстары да бар. Мәселен, кейінгі кезде «болмағанды болды деп, айтпағанды айтты дейтін» жасанды роликтер мен суреттер көбейіп кетті. Соның салдарынан қарапайым тұрғындар ғана емес, тұтас бір елді басқарып отырған жоғары лауазымды саясаткерлер де зардап шегіп жатыр. Бұлай жалғаса берсе, қоғамның, жалпы алғанда мемлекеттің болашағына үлкен қауіп төнуі мүмкін.

Румин Фархана, саясаткер:

- Өз басым дипфейктің құрбаны болдым. Оны кейін білдім. Сондықтан бұл мәселеде халықты жаппай ақпараттандыру керек деп ойлаймын. Себебі қазір суреттер мен бейнежазбалардың рас-өтірігін анықтау өте қиын. Меніңше, осыған байланысты әлем елдерінің үкіметтері тиісті шара қабылдауы қажет. 

Еуропалық одақ жақында жасанды интеллектіге қатысты жаңа заң қабылдады. Ол ойдан шығарылған өнімнің сенімділігі мен қауіпсіздігіне кепіл беріп, азаматтардың басты құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл заңнама бойынша жасанды интеллектіге қатысты қауіп-қатердің 4 санаты айқындалды. Олардың әрқайсысы үшін шектеулер мен бақылау шАралары енгізілген. Мысалы, бағдарлама әзірлеушілер нейрожүйе жасаған мәтіндер, дыбыстар мен картиналарды белгілеп, көрсетуі керек. Заңды елемеген компаниялар қомақты айыппұл төлейді. Оның мөлшері 7,5 миллион еуродан басталып, 35 миллион еуроға дейін барады. Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект қолданбалары жетілдірілген сайын кемсітушілік, авторлық құқықтың бұзылуы, жалған ақпараттардың таралуы секілді адамдарға төнетін қауіп көбейіп кеткен. 

Естеріңізге сала кетейін, осыған дейін, Нью-Йорк Таймс басылымы Чат Джи Пи Ти үшін OpenAI компаниясын сотқа берген еді. Оған жаңа ғана айтып өткен авторлық құқықты бұзу дерегі себеп болды.