Муниципалды сайлауға санаулы күн қалды

Түркияда 31 наурыз күні муниципалды сайлау өтеді. Саяси дода парламенттік және президенттік сайлаудан 10 ай өткен соң басталады. 

Бұл жолы халық, қалалық және аудандық муниципалитеттердің әкімдерін, қалалық кеңес мүшелерін, аудан және ауыл басшыларын сайлайды. Жергілікті басқару несімен өзекті?

Муниципалды сайлау 2023 жылғы жалпыхалықтық сайлаудай толқу тудырмаса да, кейбір маңызды провинциялардағы нәтижелер түрік саясатына елеулі өзгерістер алып келуі мүмкін. Осы күндері елдегі барлық даңғыл мен көше кандидаттар бейнеленген сайлау баннерлеріне толы. 

Бұл жолғы муниципалды сайлау – 2023-те жеңіліске ұшыраған оппозиция өкілдері үшін оңайға соқпайтыны анық. Себебі оппозициялық партиялардан құралған «Ұлттық коалиция» жақсылар партиясының бөлінуінен кейін ыдыраған. Әсіресе «Республикалық» халық партиясының жаңа жетекшісі үшін үлкен сынақ болмақ.

Ататүрік негізін қалаған партия коалицияның қолдауымен 2019 жылы ең ірі үш қаланы Ыстамбұл, Анкара мен Измирді бес жыл басқаруға сайланған.

Өзгур Өзел, "Республикалық" халық партиясының жетекшісі:

- 14 және 28 мамырдағы сайлауда жеңіске жетуді қатты қаладық. Жұмыла жұмыс атқардық. Өкінішке орай, жүз жылдық тарихымызда соңғы сайлауда жеңіліп қалдық. Дегенмен бәріміздің бір парызымыз бар. Еңсемізді түсірмеу, мұңаймау және бас тартпау. Қазір партиямыз екінші жүзжылдыққа үлкен өзгерістермен аяқ басты. Бірінші сайлаудың нәтижесі келесі жетіде белгілі болады. Жексенбіде, сайлауда Ататүрік партиясын билікке қайтаратын кадрлар мен партияға күш беру сіздердің қолдарыңызда.

Саяси дода алдында, ел президенті Режеп Тайип Ердоған мәлімдеме жасап, бұл оның соңғы сайлауы екенін айтты. Саясаткер, өзі жетекшілік ететін консервативті Әділет және даму партиясы (АКР) мемлекет басшысы қызметінен кеткеннен кейін де билікте қалатынына сенім білдірді. Десе де, Түркия парламенті спикерінің орынбасары ел мәжілісі мақұлдаған жағдайда Ердоғанның үшінші мәрте президент ретінде сайлауға қатысуы оның Конституциялық құқығы екенін мәлімдеді.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Жұмысымды үздіксіз жалғастырып келемін. Себебі бұл мен үшін мәре. Заңның маған берген өкілеттігіне сәйкес бұл менің соңғы сайлауым. Бірақ бұл жерде шығатын нәтиже менен кейін келетін бауырларым үшін аманат кезеңі болмақ. Сондықтан соған сәйкес пысықтап, нық қадамдар арқылы басқа көзқарастағыларға 31 наурыз күні жауап қайтарайық. 1 сәуірден бастап жаңа дәуірді бастайық.

Бұл жолғы сайлауда 61 миллион адам дауыс беру құқығына ие. Оның 17 миллионнан астамы Ыстамбұл, Анкара мен Измирде. Негізгі тартыс осы үш қалада болмақ. «Республикалық» халық партиясының Ыстамбұл үміткері, қазіргі қала мэрі Экрем Имамоғлұ. Бұл жолы Имамоғлұның додадағы жүгі ауыр. Себебі 2019 жылы оны қолдаған коалицияның дені өз партиялары атынан үміткерін шығарған. Сауалнамалардың көпшілігі Имамоглұ Курумға қарсы бәсекеде алда екенін көрсетсе де президенттік сайлауда тап осы сауалнама жүргізген компаниялардың жаңылғанын ескеру керек.

Экрем Имамоғлұ, Ыстамбұл мэрі, үміткер:

- Бес жыл бойы тынбай еңбек еттім. Ыстамбұлдың Бейликдүзідегідей барлық көшелерінде басымды көтеріп жүру үшін көп еңбек еттім. Мен мұны жұмыс барысында үнемі іштей сезіндім. О, Алла, мені анам, әкем, әйелім, балаларым мен туыстарымның, әсіресе көршілерім, достарым, жақсы адамдарымның, ыстамбұлдықтардың алдында ұятқа қалдыра көрме?! Олар маған разы болсын деп аянбай еңбек еттім.

Ал оның бас қарсыласы Әділет және даму партиясының өкілі, бұрынғы қоршаған орта және урбанизация министрі Мұрат Курум. Бірақ Курумның да дауыстарының бір бөлігі үкіметтің бұрынғы одақтасы, радикалды исламшыл Жаңа әл-ауқат партиясының (YRP) кандидаты Мехмет Алтынозға берілуі мүмкін деген де қауіп бар.

Мурат Курум, Ыстамбұл мэріне үміткер, бұрынғы министр:

- Біз әдемі Ыстамбұлдың, біздің армандарымыз бен мақсаттарымыз тоғысқан сүйікті қаланың қызметшісі болуды мақсат еттік. Тек шынайы жүректен шыққан арман ғана орындалатынын білеміз. Бауырларыңыз Мұрат Құрымның да арманы бар. Біз аналарымыздың, әкелеріміздің немесе бауырларымыздың ешқайсысы жер сілкінісі туралы алаңдамайтын Ыстамбұлды армандаймыз. Біз Ыстамбұлдағы барлық үйлеріміздің қауіпсіз болғанын қалаймыз.

«Республикалық» халық партиясының өкілі, Анкара мэрі Мансур Яваш сайлауда Имамоглұға қарағанда оңай жеңеді деп күтілуде, дейді сарапшылар.

Оның қарсыласы – Әділет және даму партиясынан Кечиөрен ауданының әкімі Тұрғыт Алтынок. Ал халық арасында «Республикалық» халық партиясының қамалы атанған Измирде де сайлау тартысты өтпек.

Жалпы елде 81 провинцияның 40-тан астам өңірінде Әділет және даму партиясы жеңіске жеткен. Сонымен қатар DEM партиясы мен күрд саясаткерлері сайлаудан кейінгі кезеңде күрд мәселесіне қатысты жаңа бітімгершілік процесінің басталуын талап етуде, ал ресми Анкара Ирак пен Сирияда ПКК мен YPG-ге қарсы жаппай әскери операция бастауды жоспарлап отыр. Сондықтан сайлау нәтижелері  тұтас Түркия үшін аса маңызды.

Меруерт Қанағат, 24.KZ, Түркия