Су тасқыны. Климаттық хаос

Күннің күрт жылынуы, одан қалды толассыз жауын-шашын. Су тасқынынан өзге мемлекеттер де зардап шегіп жатыр.

Ресейдің бірнеше аймағында су тасқынына байланысты төтенше жағдай енгізілді.

Иә, тек біздің елде ғана емес, әлем елдері де тасқынмен арпалысып әлек.

Ресейді су басты

Ресейдің 20-дан астам өңірін су басты. Әсіресе Алтай өлкесінде ахуал ушыққан. 478 үй мен 2 мыңдай жер телімі бүлінді. 100 көпір мен 50 жолды су шайып кеткен. Өңірде табиғи апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланды.

Ал Саратов облысында 24 өзен арнасынан асып, жергілікті қоймалардың су деңгейі қалыпты межеден 126 пайызға артқан.

Новосібір, Ульяновск облыстарында да жағдай осылай.

Орынбор облысында қосалқы электр станциясын су басқан.

РФ ТЖҚ баспасөз қызметі

- Су басу қаупі қазір 40 елдімекенде тіркелді. Онда 478 тұрғын үй және 943 жеке учаске бар. Автожолдардың 9 учаскесіне шектеу енгізілді. Қазір 165 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның ішінде 30 бала бар.

Францияны су басуы мүмкін

Іргеміздегі көршімізден бөлек, Еуропада да осындай жағдай.

Францияның оңтүстік-батысынадағы Монморийон қаласында халық қайықпен қатынап жүр. Жауын-шашыннан болған су деңгейі 5 метрге дейін көтерілген.

Наурыз айының басында жауын-шашын салдарынан Францияның біраз бөлігін су шайып кеткен еді. Жағдай тағы қайталанып, қала түгел су астында қалды. Жергілікті метеорологтар қала маңындағы елді мекендерге қауіп туралы қатаң түрде ескерту жариялады.

Пәкістанда нөсер толастамай тұр

Жауын-шашын Пәкістанда да бір айдан бері толастамай тұр.

Ай басында апат салдарынан 50-ден астам адам ауыр жарақат алып, 29-ы опат болса, оған тағы 8 адам қосылды. Көз жұмғандарының дені балалар.

Жалпы Пәкістан су тасқынынан жыл сайын зардап шегеді. Мәселен, 2022 жылы елдің үштен бір бөлігін су шайып, 8 миллионға жуық адам үй-жайын тастап кеткен.

Лай кешкен ел

Мадагаскар аралының тұрғындары лай кешіп жүр.

Өңірде алдымен дауыл тұрып, арты алапат су тасқынына ұласқан. Салдарынан 18 адам опат болды. Халық табиғаттың тосын мінезіне дайын болмаған сыңайлы.

Мадагаскарда жыл сайын 30-40 тропикалық дауыл тұрса да, бір мезетте барлық мүлкін су басып кеткеніне көпшілік абдырап қалғанын айтады. Өйткені бұл, төнген қауіпті алдын ала дұрыс болжамаудың салдарынан болып отыр.

Кларк Фавьен, тұрғын:

- Үйімізді су шайып кетті. Барлық тұрмыстық жабдықтар, тоңазтқыш малмандай су болды. Біз бұлай болады деп күтпедік. Жағдай ушығып кетті. Ертелі-кеш нәр татпадық. Өйткені, асүйдегі астықтың бәрі дымқыл.

Жер бетінде қазір климаттық хаос орнаған. Бұл ғаламдық жылынуың салдарынан екенін әлемдік сарапшылар айтудан жалықпайды. 

Жалпы былтырдан бері Антарктидадағы мұздың еруі, мұхиттардың жылынуы мен қышқылдануы, парниктік газдардың мөлшері бұрын-соңды болмаған межеге жеткенін сөз етіп жүрміз. Яғни, сіз бен біз куә болып отырған бұл мәселелер қазір күн тәртібінен түспейтін тақырып.