Су тасқыны. Ресейде де жағдай ушығып барады

Ресейдің Орынбор және Қорған аймақтарында тасқынға қатысты ахуал ушығып барады.

Бір түнде су мөлшері межеден асып, қауіптің жоғары деңгейі тіркеліп отыр.

Орынбор қаласында су деңгейі соңғы 2 сағат ішінде 11 см-ге көтеріліп, 989 сантиметрге бір-ақ жеткен. Салдарынан 300 үй су астында қалған, тағы 200 үйге қауіп төніп тұр. Ал тұтас аймақта 13 мыңнан астам үй, 16 емдеу мекемесі мен 15 мыңға жуық жер алқабын су басқан. Трансформаторлық қосалқы станцияларды су басуына байланысты өңірдегі 4 елді мекенде ауыз су беру уақытша тоқтатылады дейді мамандар.

Дмитрий Песков, РФ президентінің баспасөз хатшысы:

- Орынбордағы жағдай Президенттің қатаң бақылауында. Ол бұл мәселені назардан тыс қалдырмайды. Қандай қауіп төнсе де, біз барлығын бақылайтын боламыз.

Қазір аймақта 500-ге жуық уақытша баспана жұмыс істеп тұр. Онда 82 мыңнан астам тұрғынның паналауына жағдай жасалған. Мамандар 8 мыңға жуық тұрғынды қауіпсіз жерге эвакуациялап үлгерді. Оның 2 мыңға жуығы – бала.

Надежда Судоргина, мектеп директоры:

- Жағдайға бей-жай қарамайтын адамдардың көптігі қуантады. Бізге Жаңа Орскіден азық-түлік толған гуманитарлық көмек жетті.

Қорғанда да қауіп жоғары. Тәулік ішінде су деңгейі 357 сантиметрден асты. Ал өңірге қарасты Звериноголовское елді мекенінде су деңгейі бір түнде 21 см-ге көтеріліп, 933 см-ге жетті. Қазір мұнда  бөгетті нығайту үшін топырақ төселіп, қозғалыс шектелген.

Әсия Нұрлыбаева, 24.KZ