Қытайда құс санағын жасанды интеллект жүргізеді

Тың технология зерттеу жұмыстарының тиімділігін арттырып, жергілікті орнитологияға серпіліс берді, деп хабарлайды 24KZ.

Қытай ғалымдары жаңа платформаның көмегімен жаңа аң-құс пен өсімдіктерді тапқан..

Миньцзянь өзені – сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі бар құстардың мекені. Бұл аумақ мемлекетің ерекше қорғауында. Дәл осы жерге бейнекамера көп орнатылған. Жасанды интеллектіге негізделген мониторингтік жүйе тікелей қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Платформа кешенді бақылау жүргізеді. 

Чжэн Ханг, ұлттық табиғи қорықтар басқармасының директоры:

- Бұрындары көлдер мен айдындарда жүргізілетін ғылыми зерттеулер мен мониторингтер ұзақ жылдар бойы қолмен істеліп келді. Бұл әдіс-тәсілдердің тиімсіз болды. Ол дәлелденді. Биылғы маусымда біз сапасы жоғары жүздеген бейнекамера орнаттық. Енді жасанды интеллектінің көмегімен бақылау, зерттеу аумағы айтарлықтай ұлғайды. Жұмыс тиімділігі артты.

Жыл құстарын сақиналап, санақ жүргізу үшін мамандар айлап далада жүрмейді. Жобалап, тұспалдап жүргізілетін құс санағы жасанды интеллектімен нақты жасалатын болған. Ғалымдар жаңа жүйе әсіресе жойылып кету қаупі бар құстарды анықтауға ыңғайлы екендігін айтады.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Бұл – жай ғана камера емес, ақылды жүйе. Ұлттық парктерге осыған ұқсас мыңнан астам камера орнатылған. Құстардың ұясы, тіршілік ортасына, құс қонатын көлдердің төңірегіне қойылады. Тың технология небәрі 2-3 секундта құстардың түрін, санын анықтап береді. Бұл орнитологтардың жұмысын жеңілдетіп, зерттеу тиімділігі арттырды.

Жаңа жүйе арқылы құс санағынан бөлек, жабайы аңдардың миграциясы, олардың көбеюін қашықтан бақылауға болады. Ол тіпті орман өртінің алдын алуға да мүмкіндік береді. Сонымен қатар платформа оттегі құрамын, аномалиялық құбылыстар мен ерекшеліктерді де анықтай алады. Жасанды интеллектінің арқасында қытайлық ғалымдар аң-құстың 29 жаңа түрін тапқан. 

Е Июнь, ұлттық табиғи қорығының рейнджері:

- Бұрын-соңды көрмеген жабайы жануарлардың түрлерін анықтадық. Қазір ғылыми зерттеу шаралары жүріп жатыр. Жарияламас бұрын ғалымдар олардың тіршілік ету ортасын жан-жақты зерттеуі тиіс. Сирек кездесетін аңдар мен бағалы өсімдіктер көбейіп келеді. Емдік шөптер алқабы да айтарлықтай ұлғайды. Ең бастысы, қоршаған ортаны қадағалау, қорғау жұмыстарының тиімділігі артты.

Заманауи технология орманшылардың жұмыс тәсілін жеңілдеткен. Рейнджерлер патрульдеу кезіндегі нәтижелерді мобильді қосымшаға енгізеді. Жинақталған барлық ақпарат ортақ базаға түседі. Бұл экологиялық жағдайды талдап, бір орталықтан бақылап, басқаруға мүмкіндік береді.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы.