Ресейде топан судың беті қайтар емес

Жайық, Тобыл өзендерінің суы қайта қайта көтеріліп, тұрғын үйлер мен жер алқаптарын шайып кетіп жатыр.

Соңғы мәліметке қарағанда, 5 адам тасқынның құрбаны болған. Пәкістанда да толассыз жауған жаңбыр тасқынға ұласты.  

Ресейде Жайық, Тобыл өзені ернеуінен асып, қауіпті межеге жетті. Қазір құтқарушылар дамыл таппай жапа шеккен тұрғындарды эвакуациялап жатыр. Пәкістан мен Оманда да ахуал осыған ұқсас. Мұнда тасқыннан ондаған адам опат болған.

Орынбордағы ахуал әлі күрделі

Ресей

Ресейдің Орынбор және Ор қалаларында тасыған су сәл төмендеп, жағдай аздап тұрақтала бастағандай. Бірақ өңірде зардап шеккендерді құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Оған 4 мыңнан астам маман мен 1 мыңнан аса техника жұмылдырылған. Ал Елек ауданында керісінше ахуал күрделі. Соңғы бір тәулікте өзен 16 см-ге дейін көтеріліп, 10 метрге таяған. Қазір топан суды бөгеу үшін үйінділер төселіп жатыр. Апаттан зардап шеккен тұрғындарға өтеамақы төлене бастады. Билік қолдау, ең алдымен, үйлері тұруға жарамсыз болып қалған тұрғындарға көрсетіледі деп отыр. 

Александр Куренков, РФ Төтенше жағдай министрі:

- Алдымен үйдің ауданы ескеріледі. Әрбір мәселе жеке қарастырылады. Баспанасынан айырылғандардың жартысынан көбі – жеке сектор тұрғындары.

Тобыл суы көтеріліп жатыр

Ресей, Қорған

Ал Қорғанда Тобыл суы тасып, 7 метрден асқан. Қаладағы 300-ден астам тұрғын үй мен 700-ге жуық ауланы су басып жатыр. Саяжайлардың да жартысынан көбі су астында қалған. 13 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Жағдайға байланысты аймақтағы республикалық маңызы бар тас жолдарды жабуға шешім қабылданды.

Пәкістанда бірнеше күн жалғасқан жауын-шашын соңы тасқынға ұласып, 36 адам опат болды. Олардың дені – шаруалар. Табиғат апатынан Хайбер-Пантунхва, Белуджистан және Пенджаб провинциялары қатты зардап шекті. Мұнда жүздеген үйді су басып, егістік алқаптары бүлінген. Қазір аталған өңірлерде төтенше жағдай режимі жарияланды. Синоптиктер батыс аймақтарда тағы жаңбыр жауады деп болжап отыр. 

Шахид Хан, әлеуметтік қызметкер:

- Су тасқынынан адам шығынынан бөлек, мал қырылып, егістік алқаптар жарамсыз болып қалды. Қазір көптеген тұрғынға шұғыл көмек қажет. Өйткені жұрт тасқын кезінде қауіпсіз жерлерге көшіп үлгермеген.

Қатты жауын-шашыннан Оңтүстік-Батыс Азиядағы Оман елін де су басып жатыр. Әсіресе солтүстік аймақтарда жағдай күрделі. Мұнда табиғи апаттан 17 адам опат болды. Марқұмдардың көбі бала. Тағы 5 кісі із-түзсіз жоғалып кеткен. Үйлер қирап, көпір мен жолдар қатты бүлінген. Су басқан өңірлерден мыңдаған адам эвакуацияланды. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.