Адам саудасымен күресті күшейту

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстанда адам құқықтары туралы заңның қабылданғанына қолдау білдірді.

Бұл туралы Венада өтіп жатқан Ұйымның адам саудасына қарсы Альянсының 24-ші конференциясында белгілі болды.

Жанат Эрнст, тілші:

- Адам саудасына қарсы Альянстың 24-ші конференциясының күн тәртібі ауқымды. Соның бірі Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы аймағында адам саудасымен күрес құралдарының тиімділігі мен жаңа сын-қатерлер. Әлемде соңғы жылдары адам саудасы бойынша қылмыс 37 пайызға өскен. Ал бұл заңсыз бизнестің жылдық айналымы 236 миллиард долларға жеткен. Сарапшылар бұл сан көбеймесе азаятын түрі жоқ дейді.

Сондықтан ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмидт форумға қатысушыларды мұндай әрекеттің алдын алудың жаңа жолдарын табуға шақырды. Осы ретте Қазақстан делегациясының басшысы Марат Бәшімов елімізде мәселеге қатысты қолға алынып жатқан шараларға тоқталды. «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасын ерекше атап өтті. 

Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Баяғыда интернет болмаған нәрселерде біз айтып отырған - мына еңбек саласындағы немесе әйелдерге зорлық зомбылық көрсеткен сексуалдық, мына органдар сатып алу секілді  адамдардың - оның барлығы қазір онлайн - саласына кіріп кеткен. Сол үшін қазір осында халықаралық ұйымдардың айтып отырғанының өзі - онлайн саласына интернетке шектеу қою керек екені. Ал біз өзіміздің заңдарымызда, депуттар кіргізген Заң Мәжілістен өткенде біз оны әр жақтан қоғамдық саласынан реттеп, жауапкершілікке келтіріп және превенция насихаттауда үлкен мәселерді кіргіздік.

Кари Джонстон, ЕҚЫҰ-ның арнайы өкілі, адам саудасына қарсы күрес жөніндегі үйлестірушісі:

- Қазақстан үкіметінің осындай заңдарды қабылдаумен айналысып жатқаны өте жақсы. Бұл дүниежүзіндегі адам саудасымен күрес тәжірибесіне негізделген халықаралық қауымдастықтың көптен бергі ұсынысы. Қазақстан үкіметі мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының осы саладағы серіктестігін құптаймыз!

Ал қазақстандық сарапшылар адам саудасы құрбандарының құқықтарын тиімдірек қорғау үшін ведомствоаралық ынтымақтастық қажет дейді.  

Салтанат Тұрсынбекова, ҚР Адам құқықтарының ұлттық орталығының жетекшісі:

- Біріншіден, ведомствоаралық қарым-қатынасқа үлкен маңыз беру керек. Өйткені көбінде әр құзырлы мемлекеттік орган бір қандай да мәліметпен бөлісер алдында өздерінің кемшіліктері шығып қалады деп, онымен бөліскілері келмейді. Екіншіден, арнайы мониторинг өңірлерде нақты ситуацияны, шынайы сол көрінісін ай сайын мониторинг жасап беру үшін, сол кезде ғана, нақты осындай фактілер анықталып, оларға шара қолданып, біз оның алдын ала аламыз.

Форумның соңында ЕҚЫҰ-ға мүше 57 ел мен халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар адам саудасы фактілерінің алдын алу үшін тиімді шаралар қабылдауға келісті. 

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов