Томскіде 5,5 мың Қазақстандық оқып жүр

Қазақстан мен Ресей өнеркәсіп саласында сұранысқа ие мамандарды бірігіп даярлайды.

Білім беру мен ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту жоспарын Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев Томск облысының губернаторымен кездесуде талқылады. Қазір Томбы жоғары оқу орындарында 5,5 мыңнан астам қазақстандық студент білім алып жүр.

Қазақстандық студенттердің саны бойынша Ресей аймақтарының ішінде Томск облысы Мәскеуден кейін екінші орында тұр. Бұл өнеркәсіп саласы үшін кадрлар даярлаудың жетекші орталығы. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев  студенттермен кездесіп, Томск мемлекеттік университетінде дәріс оқыды. Президенттің Қазақстанда әлемнің жетекші университеттерінің филиалдарын ашу туралы тапсырмасын тілге тиек етті.

Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:

- Ресейді мысалға келтіруге болады. Губкин атындағы мұнай және газ университеті Атырауда филиал ашатын болды. Қазір Менделеев атындағы химия-технологиялық институтының – МИФИ филиалын ашу процесі жүріп жатыр. Яғни осыған бізде жоғары сұраныс бар. Томск университеттерімен де бірігіп жұмыс істемекпіз. Бұл да үлкен, болашағы зор бағыт деп ойлаймын.

Владимир Мазур, Томск облысының губернаторы:

- Кездесуде біз тек ғылым мен білім беру саласында ғана емес, сонымен қатар студенттерді нақты бағыт бойынша дайындау әдістерін талқыладық. Ол мысалға атом өнеркәсібі, шағын энергетика саласы. Бұл бағыттарда кәсібилігіміз жоғары. Біз Қазақстандағы кәсіпорындарға қайта оралатын жоғары білікті мамандарды даярлауға басымдық береміз.

Томск және қазақстандық университеттер арасында 30-дан астам ынтымақтастық туралы келісім бар. Білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу және жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Дана Нұржан, тілші:

- Кездесуде тараптар екі ел арасында өнеркәсіптік кооперацияның әлеуеті жоғары екенін айтып, дамыту жолдарын талқылады. Ол үшін, әрине, білікті мамандар қажет. Осы ретте Қазақстан мен Ресей жоғары оқу орындарының алдында - Еуразиялық кеңістікте кәсіби білім берудің ортақ жүйесін қалыптастыру міндеті тұр.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров