Қырғызстанда жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды

Қырғызстанда республикалық «Манас» байқауы аясында оқушылар қатысатын іс-шаралар өтпейтін болды, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл – Созақ ауданындағы оқиғадан кейін қабылданған шешім. Бірнеше күн бұрын мұнда байқау кезінде жүк көлігі оқушыларды қаққан еді. Соңғы мәлімет бойынша 29 адам жарақат алған. Солардың 18-і әлі ауруханада жатыр.

Байқау таулы аймақта өткен. Жүргізуші жүк көлігін қырға қойып қойған. Бірақ кенеттен ылдиға қарай жүйтки жөнелген көлік жолындағы  оқушыларды қағады. Жүргізуші көлігіне қарай жанұшыра жүгіргенімен, тоқтатып үлгермеген. Опат болғандар жоқ. Бірақ 4 бала ауыр жағдаймен ауруханаға жеткізіледі. Тағы 10-нан аса оқушы түрлі жарақат алған. Жергілікті ауруханада науқастарға қажетті ем-дом жасалып жатыр. Десе де кейбірі Бішкекке ауыстырылатын болды.

Алымкадыр Бейшеналиев, Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрі:

- Біз дәрігерлермен консилиум өткізіп, 10 науқасты Бішкекке ауыстыру шешімін қабылдадық. Екі бала жансақтау бөлімінде қалады. Өйткені бауыры мен көкбауырына зақым келген. Сондықтан оларды қозғауға болмайды. Десе де оларға операция жасалып, қазір беті бері қарай бастады. Қалғандары түрлі жарақат алған. Олар балалар ауруханасында тиісті ем қабылдайды.

Жүк көлігінің жүргізушісі – 48 жастағы ер адам. Ол байқауға балмұздақ алып келген екен. Тәттіні балаларға таратуы керек болған. Көлікті төбеге қалдырып, қозғалтқышын өшірмеген болып шықты. Ведомствоаралық комиссияның алдын ала қорытындысы бойынша бұл қасақана жасалмаған. Бірақ тексеруден кейін жергілікті ішкі істер басқармасының 12 қызметкері жазаланған. Ал Созақ аудандық ішкі істер басқармасының басшысы мен оның орынбасары қызметінен босатылды.

Догтуркул Кендирбаева, Қырғыз Республикасының Білім беру және ғылым министрі:

- Бұл – барып тұрған салғырттық. Көлік қауіпсіздік ережелерін сақтамай, балалар арасында не істеп жүр? Мұндай ауқымды іс-шара кезінде көлік қоятын орын неге қарастырылмаған? Әрине, қазір кінә тағуға кеш. Десе де енді келешекте мұндай төтенше оқиғалар болмауы үшін бәрін жасауымыз керек.

Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жансақтау бөлімінде жатқан балалардың әрқайсысына президент қорынан біздің ақшамен бір миллион теңгеден бөлінеді. Ал қалғандары 250 мыңнан алады.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Бакыт Чермашев.