Бразилияда тасқын толастар емес. Әлем жаңалықтары

Әлемнің бірнеше елі түрлі табиғи апаттан зардап шегіп отыр.

Өлім-жітім де өсіп барады. Бразилиядағы тасқыннан көз жұмғандар саны 90 адамға жетті. Тағы 131 кісі із-түссіз жоғалып кеткен. 155 мың тұрғын баспанасынан айырылды. Сондай-ақ АҚШ-та торнадо 1 адамның өмірін қиған. Ал Чилиде қар жауды. Елде 225 мың адам жарықсыз қалған.

1 миллион 300 мың халқы бар Порту-Алегри қаласындағы әуежайды су басты. Қызметкерлер бір ұшақты қауіпсіз жаққа әкетіп үлгермеген секілді. Ұшу жолдарына, әуежайдың бас ғимараты мен басқа да нысандарына үлкен зақым келді. 2014 жылы футболдан әлем чемпионатының 5 ойыны өткен атақты Бейра-Рио стадионы батпақ басқан көлшікке айнапған. Бұдан бөлек, алапат тасқын бірнеше үлкен жол мен көпірді қиратты. Метеорологтар алдағы 3 күнде тағы нөсер құяды деп ескертті.

Бразилияғы жаңбырдың қызығын туристер көріп жатқанға ұқсайды. Аргентина шекарасына жақын маңдағы Игуасу сарқырамасының суы толып, арыны күшейді. Мұнда әдеттегі нормадан 3 есе көп, яғни секундына 3,6 миллион литр жауын-шашын түскен.

Чилиде қар жауды

 Чили астанасы Сантьяго ақ ұлпаға оранды. Билік тұрғындарға жылы киінуді және көлікпен абайлап жүруді ескертіп жатыр. «Рейтер» агенттігі «бұл - сирек құбылыс» деп жазды. Десе де, балаларға жақсы болды.

Тарихтағы ең ыстық сәуір

Биыл адамзат тарихындағы ең ыстық сәуір айы тіркелді. Бұл туралы ЕуроОдақтың Коперник атындағы климаттың өзгеруі орталығы айлық бюллетенінде жариялаған. Үндістанның шығысында ауа температурасы 43 градустан асты.

Джулиен Николас, климаттанушы:

-Биылғы сәуірде ғаламдық орташа температура әдеттегі нормадан 1 жарым градусқа жоғары болды. Мұндай құбылыс тарихта алғаш рет тіркеліп отыр. Яғни алдағы айларда да қатты ыстық болуы мүмкін.

АҚШ-та бір мезетте 17 торнадо соқты

АҚШ-тың орталық бөлігінде бір мезетте 17 торнадо соғып, 40-қа жуық үйді жайпап өтті. Желдің екпіні сағатына 161 шақырымға жеткен. Табиғи газ құбырына зақым келді деген де ақпарат бар. 16 мың үй мен бизнес нысаны жарықсыз қалған.

Ернат Мелсұлы