Бішкектегі мектеп-гимназияда соғыс қаһармандарына арналған патриоттық бұрыш ашылды

Бішкектегі мектеп-гимназияның бірінде соғыс қаһармандарына арналған патриоттық бұрыш ашылды.

Кезінде мұнда жаяу әскер училищесі болған. Онда Рақымжан Қошқарбаев пен Кемел Тоқаев білім алған.

Фрунзе жаяу әскер училищесі 1941 жылдың 21 мауысымында ашылған. Түлектері түрлі шайқастарға қатысып, ерліктері үшін жоғары мемлекеттік ордендермен марапатталып отырған. Сондай мәртебеге ие болғандардың бірі Рейхстагқа ту тіккен Қазақстанның халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев.

Бактыгали Айжигитов, жазушы:

"Бүгінгідей бейбіт өмір сүруіміз - сол қаһармандарымыздың жетістігі. Сондықтан олардың есімдері мәңгі есімізде болуы керек. Мұны өскелең ұрпақтың білгені аса маңызды. Сол себепті де біз соғыс ардагерлері жайлы көбірек айтып отыруымыз тиіс."

Фрунзе жаяу әскер училищесінің тағы бір түлегі Кемел Тоқаев. Мұнда оның әскери жетістіктеріне арналған стенд бар. Онда Кемел Тоқаевтың қандай марапаттарға ие болғаны туралы жазылған. Олардың ішінде Отан соғысының бірінші және екінші дәрежелі ордендері мен "Ерлігі үшін" берілген екі ордені бар.

Софья Бурницкая, мұғалім:

"Соғыс қаһармандарының арқасында еркін және бақытты өмір сүріп, осындай іс-шараларды өткізіп отырмыз. Меніңше мұндай бұрыштар бүкіл мектепте болу керек. Сонда батырларымыздың есімдері әрқайсымыздың есімізде қалады."

Бұрынғы Фрунзе жаяу әскер училищесінің орнында бүгінде 33-мектеп-гимназиясы жұмыс істеп тұр. Ғимарат тарихи ескерткіштер қатарына қосылып, мемлекеттің қорғауына алынған. Келешекте мұнда соғыс ардагерлеріне арналған мұражай ашу жоспарда бар.

Жұлдыз Атагельдиева, Бакыт Чермашев