USD 330.32 EUR 388.07 РУБ 5.6

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      


Биыл мектептерге қазақ тілін оқытуға арналған жаңа әдістеме таратылады

  • 160
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Биыл мектептерге қазақ тілін оқытуға арналған жаңа әдістеме таратылады

Биыл мектептерге қазақ тілін оқытуға арналған жаңа әдістеме таратылып, сол арқылы өскелең ұрпақтың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін жақсарту көзделіп отыр. Оған қоса мұғалімдердің қарым-қабілетін көтеру курстары өткізіліп, қосымша жалақы төленеді. Сол сияқты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласына да жаңашылдықтар енгізіледі.

Еліміздің Білім және ғылым министрлігі сан мәрте реформа қабылдап, оған талай түзету енгізсе де, Ұлт жоспары аясындағы мақсат-міндеттері айқын. Балабақшадан мектепке, білім ошағынан оқу ордасына дейінгі аралықта бұл ведомство жүйелі жұмысты бастап кетті. Қазір еліміздегі қазақ балаларының 90 пайызы ана тілінде білім алады. Оның үстіне биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан түлектердің 76 пайызы сындарлы сынақты мемлекеттік тілде тапсырды. Бірақ түйіні шешілмеген мәселелер де аз емес. Бір ғана мысал. Орыс мектептерінде оқитын 500 мыңға жуық оқушы қазақ тілінде сөйлемейді.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Әдістеменің дұрыс емес екенін жақсы білеміз. Жаңа әдістеме дайын. Биыл біз оны эксперименттік негізде сол мектептерге таратамыз. Сол әдістемесі нәтиже көрсетсе, келесі жылы болсын, 2019 жылы болсын барлық мектептерге береміз.

Бұдан былай 1 және 2-сынып оқушылары да қосымша дәптермен қамтылады. Яғни Үкімет оқулықтарды түгел сатып алумен қоса тағы бір міндетті өз мойнына алады. Қазір қаржы мәселесі реттеліп жатыр. Ал латын әліпбиіне көшу мәселесі биылдан бастап шешімін табады. Жыл соңында оның қазақ тіліндегі үлгісі әзірленіп, жаңашылдыққа кезең-кезеңімен көшу кестесі дайындалады. Жалпы саладағы реформалар мұнымен шектелмейді. Биылғы оқу жылының өзінде 500-дей сынып оқушылары ағылшын тілінде білім алып, тың бастама тәжірибе жүзінде іске асады. Ол үшін биыл 12 мың мұғалім арнайы курстан өтіп, қарым-қабілетін арттырады.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

– 4 мың мұғалім ағылшын тілі курстарын бастап кетті. Жаңа оқу жылынан бастап 8 мың мұғалім курстарын бастайды. Сосын курсты аяқтағаннан кейін ағылшын тіліне көшсе, қосымша 25 пайыз ақша төленеді.

Ұлт жоспары аясындағы тағы бір маңызды міндеттерді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі орындайды. Олар жалақы мен зейнетақы төлеу жүйесін жетілдіруі керек. Бірақ бұл істердің әсіресе алғашқысын орындау қиынға соғып келеді. Еңбеккерлер мен жұмыс берушілер арасында дау туындап, жалақы мәселесі оқтын-оқтын көтеріліп тұрады.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Ұлт жоспары аясында Еңбек кодексін қабылдадық. Жеке шартта жұмыс беруші мен жұмысшы арасында келісімшарт қойылған кезде еңбекақының көлемі белгіленіп, өсіп отырады арасындағы келісім.

Сала басшысы айтқандай, жалақы проблемасы туындамас үшін кез келген мекеме жұмысшымен тиісті шартты жасасуға міндетті. Ал оның жүзеге асуын жергілікті кәсіподақтар жіті бақылауға алуы тиіс.

Айта кетейік, 1 шілдеден бастап елімізде зейнетақы мөлшері ұлғайды. Ал келер жылы атаулы әлеуметтік көмек, балалар жәрдемақысы мен төрт балалы отбасыға берілетін жәрдемақы біріктіріліп, бір әлеуметтік көмек ретінде төленеді.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Күнкөріс деңгейін ендігі жылы біз пропорциясын өзгерткелі отырмыз. Соның нәтижесінде күнкөріс деңгейінің көлемі 16 пайызға өседі. Сондықтан азаматтардың алатын жәрдемақысы бүгінгі үш жәрдемақыны қосқан кездегі көлемнен 25 пайызға жоғары болады.

«100 нақты қадам» аясындағы осы және өзге де жаңашылдықтарды жіпке тізген сала басшылары ұлт жоспарын ұтымды іске асыра бермек. Сол арқылы Мемлекет басшысы айқындаған межелі міндеттердің игі нәтижесі де арта түспек.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ерлан Наурызбаев

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top