USD 334.92 EUR 396.70 РУБ 5.72

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      



Шығыс Қазақстанда 116 тұрғын үй салынып жатыр

  • 165
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Шығыс Қазақстанда 116 тұрғын үй салынып жатыр

Шығыс Қазақстан облысында баспана құрылысын жыл сайын 20 пайызға арттыру көзделген.

Биыл өңірде көппәтерлі 116 тұрғын үй салынып жатыр. Бір ғана Зырян ауданының өзінде мың адам пәтер кезегінде тұр. «Нұрлы жер» бағдарламасы мәселені шешуге ықпал етпек.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында құрылысы басталған 60 пәтерлі тұрғын үй көпшілік үмітін үкілеткені анық. Аудан үшін көптен күткен маңызды жобаға қазынадан 411 млн теңге бөлінген. Ал мердігер компания құрылыс материалдарын түгел өздері шығарады. Қатонқарағайда орналасқан цех мамандары сапаға кепілдік барына сендірді.

Айдын Қожағұмаров, өндіріс жөніндегі шебер:

- Құрылысқа қажет жабдықтарды өзіміз шығаратынымыз өте ыңғайлы. Зырянда салынып жатқан бесқабатты тұрғын үйге қойылатын есіктерді Қатонқарағайдағы ағаштардан жасап қойдық, пластик терезелерді де дайындап жатырмыз. Бұл шығынды едәуір азайтады.

Сапалы жабдықтар қажет-ақ. Себебі көппәтерлі тұрғын үйдің қазір екінші қабаты салына бастады. Құрылысшылардың дені жергілікті тұрғындар. Мамандар қоныс тойын мерзімінде тойлауға еш кедергі жоқ деп отыр.

Уәлибек Тайбосынов, құрылыс жұмысын жүргізуші:

- Құрылыс басында 3 кран жұмыс істеп тұр. Техника жеткілікті. 20 күнде бір қабат көтеріп жатырмыз. Желтоқсанға дейін 5 қабатты көтереміз деген жоспарымыз бар.

«Нұрлы жер» бағдарламасының жемісін түрлі әлеуметтік топтағы азаматтар көреді. Келесі жылы бұл мақсатқа бюджеттен 435 млн теңге бөлінбек.

Константин Передельский, Зырян қаласының әкімі:

- Зырян қаласында бүгінде 1 000 адам баспана кезегінде тұр. Бірінші кезекте жетім балалар, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар және үйлерін су басып қалған 6 отбасына пәтер кілті табысталады. Біз мұнымен тоқтамаймыз. Тұрғын үй құрылысы жалғаса береді.

Аудандағы Бородино ауылында да екіпәтерлі бес үйдің құрылысы жүріп жатыр. Онда жас мамандар қоныстанады деп жоспарланған.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аслан Төлепов

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top