USD 334.92 EUR 396.70 РУБ 5.72

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      



Атырау қаласында жаңа ойын алаңы пайда болды

  • 185
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Атырау қаласында жаңа ойын алаңы пайда болды

Қызығы балалар алаңына қаржы жергілікті қазынадан бөлінбеген.

Нысан шаһар тұрғындары жинаған ақшаға салыныпты. Бүгінде құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілген.

Жаңадан салынған ойын және спорт алаңы балаларға рахат болды. Бұрындары көлік көп жүретін қауіпті көше бойында немесе басқа алыс аулаларға барып ойнайтын жеткіншектер енді ата-аналарының көз алдында болады.

Рима Құспанова, қала тұрғыны:

- Бұған дейін осы жерде ойнап жүрген, қанша дегенмен балаларымыз үшін қорқамыз. Үлкен рақмет айтамын! Өзіміз қаражат жинап жасап жатқан алаң. Балаларымыздың салауатты өміріне байланысты. Қорқыныш жоқ қазір. Енді осылай қаламыз көркейе берсін деймін.

Әсел Мұсаева, қала тұрғыны:

- «Бірлік бар жерде, тірлік бар» демекші бәрі қолға алып, балаларымызға осындай әдемі ойын алаңын салып берді. Бұл – ең алдымен елімізге, туған жерімізге деген патриоттық сезім. Екіншіден, балалар бұрын тек жер-жерде ойнайтын еді. Енді өздерінің ойын алаңы пайда болды.

Бұл жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру картасына енген. «Көп түкірсе, көл деген» көршілердің бұл игі ісі бүкіл қала тұрғындарына үлгі болары анық. Мұнда футбол, волейбол және ең кішкентай бүлдіршіндер үшін ойын алаңдары салынды. Бүгінде нысанды жергілікті халық қалалық әкімдіктің меншігіне өткізген.     

Орынтай Биманова, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің өкілі:

- «Туған жер» бағдарламасы бойынша біздің Елбасымыздың бір тамаша сөзі бар. Онда әрбір азамат өзінің туған жеріне қызмет ету керек деп айтылған. Мына ойнап жүрген балалардың өзі ата-аналары салып берген осы алаңқайды болашақта дәл осындай емес, бұдан да тамаша қылып салмасына кім кепіл?! Осы жерде жүрген балалардың әрқайсысының бойында туған жеріне деген сүйіспеншілік қалыптасады деп ойлаймыз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша облыс аумағында бастапқыда 76 жоба ұсынылған. Қазір олардың саны 108-ге жетті. Оған қосымша тұрғындар тарапынан тағы 200 жаңа жобаны жүзеге асыру туралы ұсыныс түскен. Олардың алпысқа жуығы іріктеліп алынып, өте қажет деген жобалар қазір мамандардың сараптамасынан өтіп жатыр.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Әзілхан Уахитов,  Амантай Мәтенов

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top