Оңтүстік Қазақстан облысына саяхаттап келушілердің саны артты

Шетелдік туристерді Ұлы жібек жолы бойындағы көне қалалар мен сәулеттік кескіні қайталанбайтын Қожа Ахмет Яссауи кесенесі көбірек қызықтырады.

EXPO көрмесін тамашалауға келген қонақтарға арнап өңірде арнайы туристік бағыттар ашылған. Көне Түркістан мен Сайрам қаласындағы тарихи орындар кез келген саяхатшыны баурап алары даусыз. Сарығаштағы жерасты минералды суы емдік туризмді дамытса, өңірдегі үш бірдей ұлттық парк аумағы экотуризмге негізделген. Ерекше қорғалатын аймақта болашақта Еуропа елдеріндегідей демалыс кешендері бой түзейді. Саяхатшылар кейбір адам ізі баспаған табиғаты әсем тау шатқалдарын аралап, сирек кездесетін аң-құстарды көруге мүмкіндік алады. Отырардағы «Этноауыл» көшпенділердің мәдениеті мен тұрмыс-салтын барынша шынайы көрсете алады. Саяхатшыларға өңір тарихын түсіндіріп беретін «Оңтүстік» туристік ақпараттық орталығы да ашылған.

Жанар Махажанова, облыстық индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының бас маманы:

- Осы EXPO аясында Қытай, Үндістан, Сингапур, Түркия мемлекетінен туристер көптеп келуде. 2017 жылдың бірінші тоқсанында ОҚО-ға 52 мың 850 турист келген болатын. Оның ішінде 3 600 турист шетелдік азамат болып табылады. Бұл кезең өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 57%-ға артып отыр.