USD 340.71 EUR 404.90 РУБ 5.90

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      


Ақтөбеде жаңа тарихи-өлкетану мұражайы салынып жатыр

  • 108
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Ақтөбеде жаңа тарихи-өлкетану мұражайы салынып жатыр

Бұдан 3 жыл бұрын біздің арнаның тілшілері Ақтөбедегі тарихи-өлкетану музейінің әбден тозығы жетіп ескіргені туралы бірнеше материал дайындаған еді. Өңір тілшілері көтерген өзекті мәселе оң шешім тапты.

Қазір қаланың жаңа шағын ауданында зәулім ғимарат салынып жатыр. Құрылыстың 80 пайызы аяқталып та қалды. Аумағы 4 мың шаршы метр болатын музейді салуға ірі компания қаржылай қолдау көрсеткен.

Мынау тарихи-өлкетану музейінің ескі ғимараты. Ешқандай талаптарға сай келмегендіктен 2 жыл бұрын есігіне құлып салынды. Өткен ғасырдың ортасында қонақүй ретінде салынған ғимараттың төбесінен су кетіп, қабырғаларына сызат түскен. Одан бөлек, өрт қауіпсіздік жүйесінің де тозығы жеткен. 103 мың құнды жәдігері бар облыстық музей биыл су жаңа ғимаратқа көшеді. Батыс өңірде баламасы жоқ зәулім нысан жыл аяғында тапсырылады.

Маржан Қорғанбаева, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы:

– Оқу залы бар, музей қорында тарихи мағлұматтар бар. Сонымен қатар қазақтың қолөнеріне, шеберлердің жұмысына байланысты ұлттық нақыштағы кәдесыйларды сататын арнайы орындар, реставрация жасайтын шеберхана, қорды сақтайтын бөлмелер бар. Осы музей ғимаратының ашылуы біз үшін үлкен қуаныш.

Жаңа музейді салуға 635 млн теңге жұмсалса, оның жартысын отандық ірі компания бөлген. Қалғаны облыстық қазынадан қарастырылған. Музей «Батыс-2» шағын ауданында салынып жатыр. Мәдени нысанды салуға 2 бірдей құрылыс компаниясы тартылған. Олардың бірі ғимаратты әрлеумен айналысады. Әрбір залдың өзіне тән ерекшелігі болады.

Нұрлан Иманалин, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

– Құрылысқа қолданылып жатқан кірпіш және бетондық жұмысқа қолданылатын материалдардың барлығы – отандық өнім. Ғимаратқа сұлу келбет беру мақсатында әшекейлеу жұмыстары жүріп жатыр.

Ғимарат ашылғаннан кейін қорды толтыру жұмыстары қолға алынады. Жалпы облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі жәдігерлерді жылына 85 мың адам тамашалайды. Оның ішінде қалаға сапарлап келетін шетелдік қонақтар бар. Өңір тарихымен танысқысы келетін оқушылар да музейге жиі келеді.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top