USD 333.68 EUR 396.25 РУБ 5.82

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      


Ресейдегі қандастарымыз қазақ мәдениеті фестивалінде бас қосты

  • 310
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Ресейдегі қандастарымыз қазақ мәдениеті фестивалінде бас қосты

Ресейдегі қандастарымыздың басын қосқан қазақ мәдениетінің фестиваліне 10 мыңнан астам адам жиылды.

Атыраумен іргелес қоныстанған Астрахань облысына тек қана жергілікті тұрғындар емес, көрші елдегі бірнеше облысты мекен еткен қазақтар да арнайы келген. «Жолдастық тойы» аталған бас мерекеде қазақтың ән-күйі тартылып, ұлттық салт-дәстүріміз ұлықталды.

Жат жұртта тұратын қандастарымыз шашасына шаң жұқтырмайтын ат бәйгесі ғана емес, түйе жарысын да сақтап қалған. Аламан бәйгесіз той өткізбейтін қазақтың мәдениеті мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мерекесі жергілікті халықтың кең қолдауына ие. Әсем безендірілген ақшаңқан киіз үйлер мен алтыбақан аясында ән мен жырға қаныққан көпшілік қазақтың ерекше мәдениетіне қанық болды.

Қанат Шантеміров, Астрахань облысының губернаторы әкімшілігінің жетекшісі (РФ):

– Бұл мерекеде үлкен мән-мағына жатыр. Осындағы көптеген ұлт пен ұлыс біздің қазақ халқының мәдени-рухани байлығына куә болады. Екіншіден, Ресейді мекен ететін өзге ұлттар арасында тату қарым-қатынас орнатуға да үлкен үлес қосады.

Сырттағы қандастарымыздың басын қосып, дәстүрді үйретуші шағын мәдени орталықтар да ұлттың рухын түсірмеуге сеп.

Амангелді Абылғазиев, «Құрманғазы» атындағы мәдени орталықтың директоры (РФ):

– Біздің жұмысымыз – қазақтың киіз үйін көрсету, қазақтың әнін, домбырасы мен биін көрсету. Орталығымыздың арқасында осындай үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Соған өте қуаныштымыз.

Светлана Әлібекова, Астрахань облысының тұрғыны (РФ):

– Үлкен-үлкен таза қазақ ауылдары бар. Үй арасында әжелерімізбен, әке-аналарымызбен қазақша сөйлесеміз. Салт-дәстүрдің бәрін сақтап қалғанбыз. Бесік той, тұсау кесу, құда түсу, қыз ұзату салтын сақтап, бәрін жасаймыз. Жастар арасында бір-бірімізді көргенде қазақша сөйлесеміз, тырысамыз.

Екі мемлекеттің мәдени қарым-қатынасы мен достығының артуына өнер адамдары да үлкен үлес қосып жүр. Ресейліктердің арнайы шақыруымен келген қазақ өнерінің жарқын жұлдызы, халық әртісі Роза Рымбаеваның концертін шетелдегі қандастарымыз тапжылмай тұрып тамашалады.

Ресейдің Астрахань облысында 150 мыңнан астам қандасымыз тұрады. Олардың тілі мен ділін, мәдениеті мен руханиятын сақтап қалуына осындай жалпыхалықтық мәдени шаралар септігін тигізері даусыз. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың айтуынша, соңғы 5 жылда мына ғаламтор желісі арқылы келетін БАҚ, спутниктік телеарналар жалпы жергілікті тілдік қордың сақталуына және одан ары дамуына барынша мүмкіндік туғызып отыр.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Әзілхан Уахитов

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top