USD 334.92 EUR 396.70 РУБ 5.72

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      



Қазақ мәдениетінің фестивалі аясында британдық зиялы қауым Д.Исабековпен кездесті

  • 435
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Қазақ мәдениетінің фестивалі аясында британдық зиялы қауым Д.Исабековпен кездесті

Лондонда қазақ мәдениетінің фестивалі мәреге жетті.

Шараның соңғы күнінде британдық зиялы қауым жазушы-драматург Дулат Исабековпен кездесті. Жиында қазақ театр өнерінің бүгіні мен болашағы сөз болды.

Мұндай форматта әңгіме-дүкен құру жергілікті театр бомонды үшін үйреншікті құбылыс. Сұхбаттар бейнекамераға жазылып, кейін арнайы фильмде пайдаланылады да, көрерменге жол тартады. Кездесуге келген жазушы, сыншы және журналистерді Дулат Исабековтың жеке өмірбаянынан бастап шығармашылық жолына дейінгі кезеңдері мазалады. Барлығы да Қазақстандағы мәдениет пен әдебиетке қызығушылық танытты.

Джон Амор, актер:

– Бүгінгі дөңгелек үстелде Қазақстанның қаншалықты көпқырлы екендігін сезіну және дарынды адамдардың қаншалықты көп екендігін білу өте қызық болды. Жазушының шығармашылығымен танысу арқылы керемет әсерге бөлендік.

Исмаил Кесижи, Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасының мүшесі:

Бізге үлкен қуаныш. Қазақстанда жалғыз ғана жер байлығы ғана дүниеге танылмай, онымен бірге спортымызбен де танылып жатамыз. Онымен бірге бүгін міне Еуропаның төрінде мәдени жағынан да ағаларымыз әкеліп таныстырып жатыр. Біз осындағы қазақтар оған үлкен қуаныштымыз. Енді Қазақстанның мәдениетінің осында көрсетілуін үлкен бақыт деп айтуға болады.

Британиялық көрермен Дулат Исабековтың шығармашылығымен 2017 жылдан бері етене таныс. Ол кезде автордың таңдамалы шығармалары Кембридже оқырман назарына ұсынылған болатын. Дәл сол жылы ағылшындық көрермен «Транзитті жолаушы» пьесасын көру мүмкіндігіне ие болды. Ал бір жыл өткен соң Исабековтың «Біз соғысты көрген жоқпыз» туындысы жергілікті театртанушылардың қошеметіне бөленді. Ағымдағы жылы автордың 75 жылдығына арналып, ағылшын тілінде екі кітабы жарық көрді. Фестиваль ұйымдастырушылары «Аққу-Жібек» пьесалар жиынтығы мен қысқа шығармалар топтамасын қалың оқырманға таратумен айналысуды жоспарлап отыр.

Дулат Исабеков, жазушы-драматург:

– Ары қарай байланысымыз жалғаса береді деген сөзі маған қатты ұнады. Біз енді қазақ әдебиетіне басқаша көзбен қараймыз дегені. Осының өзі жеңіс емес пе жартылай болса да?! Мен соған қуанамын. Жалғастырғаным үшін. Қазақ әдебиетін Лондонда насихаттағаным үшін. Және олардың қазақ әдебиетіне, драматургиясына көңіл бөлетіндігі үшін мен өзім бұл жолғы миссиям орындалды-ау деп ойламын өзімше.

Еске сала кетейік, қазақ мәдениетінің фестивалі аясында Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драмалық театры Лондон сахнасында Дулат Исабековтың «Жаужүрек» спекталін қойды. Сондай-ақ мемлекеттік республикалық академиялық корей театры мерейтой иесінің «Актриса» атты музыкалық комедиясын сахналады. Ал «Аққу-Жібек» пьесасы тұңғыш рет жергілікті труппа – британ театрының әртістерімен ағылшын тілінде қойылды.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top