USD 334.92 EUR 396.70 РУБ 5.72

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      



Асық ату ойыны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енді

  • 254
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
<span class=favorites>Асық ату ойыны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енді</span>

Қазақтың асық атуын енді бүкіл әлем тани бастайды. Ұлттық ойынымыз ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енді. Мұндай шешім Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан ЮНЕСКО-ның үкіметаралық комитетінің он екінші сессиясында қабылданды. Бұл тарихи жеңіс.

ЮНЕСКО-ның отырысы өтіп жатқан зал құдды бір концерттік алаңға айналғандай. Ұйымның материалдық емес мұралар тізімінен үмітті мемлекеттер ұлттық ән, биін, ойындарын баршаға паш етіп жатты. Қазақстандық өтінімді қарастыру аса көп уақытты ала қоймады. Ұйым мүшелері асық атуды бір ауыздан қолдады. 

Тим Кертис, ЮНЕСКО ұйымының материалдық емес мұралар секторының басшысы:

- Мен Қазақстанды шын жүрегімнен құттықтаймын. Ұлттық ойындарыңыз ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енді. Бұл - үлкен жетістік. 

Ал алаң сыртында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі шетелдіктерді асық ойнаудың қыр-сырымен таныстырып жатты. Айта кетейік, елімізде алты жыл бұрын аталған ойынның ережелері қабылданған болатын. Халықаралық және республикалық турнирлер дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда қазіргі таңда алты мыңға жуық адам асық ойнайды.

Жомарт Сабыржанов, «Асық ату» республикалық федерациясының директоры:

- Бір нүктеге қарап тұрғаннан кейін көздің бұлшық еті дамымай қалады да жасаурап, көздің қабықшасы құрғап қалғаннан кейін дәрігерлерің дәлелдегені заты миопия ауруына ұшырайды да, соның бірде-бір емі – таза ауаға шығып, осы асықты көзбен қуалай отырып көздің етін дамыту. 

ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізімінде Қазақстанның қатысуымен 7 номинация бар: «Домбырада күй орындау» «Қазақ күресі», «Бүркітпен аң аулау», «Жұқа түрік наны», Қырғызстанмен бірлесе «Киіз үйді құру» номинациясы және «Айтыс/Айтыш өнері», сонымен қатар «Наурыз» бойынша өтінім берген 12 мемлекеттің қатарына кірдік.

Ханзада Есенова, ҚР рухани мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық комитетінің төрайымы:

- ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұраны қорғау Конвенциясының талаптарын орындау бізге үлкен жауапкершілік артады. Өйткені алда атқарылатын жұмыстар жетерлік. Осы элементті елімізде және шетелде насихаттау үшін бірнеше жобалар мен ауқымды шараларды өткізетін боламыз.

Владислав Цой, тілші:

- Бүгін Қазақстанның асығы алшысынан түскен күн. Асық ату ойыны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енді. Келесі жылы еліміз аталған ұйымның материалдық емес мұраларды қорғау үкіметаралық комитетінің мүшелігіне кіруге үмітті. Еліміз бұл жобаға да сақадай сай болады деген сенімдеміз! 

Авторлары: Владислав Цой, Ли Сан Хён

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top