369.54 425.20 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жұматай Сабыржанұлының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында естелік кітаптың тұсауы кесілді

  • 513
  • UPD: 20:27, 08.01.2018

Қазақ журналистикасының бірегей тұлғасы Жұматай Сабыржанұлының туындылары оқырмандарының жүрегінен орын тапты.

Бар жоғы елу бес жыл ғұмырында халқына өшпес мұра қалдыра білген қалам иесі көзі тірі болғанда бүгінде 70 жасқа келер еді.

Жұматай Сабыржанұлы қарымды қаламгер, ақиқатты ту еткен азамат. Жарық көрген үш кітабы жұрт жабыла іздеп жүріп оқитын өшпес туындыға айналды. Оның әр сөзін қашап, мінсіз мүсін күйіне жеткізген сөйлемдері мен ой толғамдары ойлы оқырманның рухани азығы. Жұматайдың туған тіліміздің тағдыры үшін күрескен табанды жігері, азаматтық ұстанымы, мәрт мінезі жайлы аз жазылған жоқ.

Көпен Әмірбек, сатирик-жазушы:

– Сықақшылар қауымында «сатира – қаһарлы қару, оны қолдан түсіруге болмайды» деген бір ұран бар. Жұматай Сабыржанұлы сол қаруды қолдан түсірмеген керемет сықақшы болды. Оспанхан ағамыздың бір ауыз өлеңі бар. «Қажымайтын, қайыспайтын қара нар, Ертедегі Ер Төстікке пара-пар». Қазақ сатирасының қара нары Жұматай Сабыржанов болды.

Қаламгердің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында «Шындық үшін шарпысқан» атты естелік кітаптың тұсауы кесілді. Онда қазақ қаламгерлерінің, әріптестерінің жазбалары топтастырылған. Сатириктің шығармашылығы сан қырынан сараланады. Белгілі жазушы Ғаббас Қабышұлы: «Ақ алмастың және бірі шарт сынып, қыны бос қалды. Қазекем айтқан «от ауыз, орақ тілді»  шешеніміз Жұматай кете барды», – деп жазған болатын.

Сәкен Сыбанбай, журналист:

– Жұматай ағамыздың жазғандарын іздеп жүріп оқитынбыз. Ол кісінің қысқа, нақты жазуы қызықтыратын. Соған еліктедік, бізде солай жазсақ екен дедік. Көсіліп көп жазбайтын, айтар ойын 1-2 беттік мақалаға сыйдырып, шеберлікпен жаза білетін.

Жұматай жазып кетіпті: «...ақылым жеткен жерге дейін әділін айттым, шама-шарқым жеткенше шындық үшін шарпыстым». Ұлттық көсемсөздің көрнекті өкілі Жұматай Сабыржанұлының шыншыл шығармалары келер күндерге қызмет ете бермек.

Авторы: Элдар Бақпаев

Хабар 24 телеарнасы