«Астана Балет» театры қазақ елінің өзіндік мәдениетін америкалықтарға паш етті - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 360,39

EUR 409,95

РУБ 5.43

«Астана Балет» театры қазақ елінің өзіндік мәдениетін америкалықтарға паш етті

«Астана Балет» театры қазақ елінің өзіндік мәдениетін америкалықтарға паш етті

2018 жыл еліміз үшін саясаттағы сәтті қадамдармен басталды.

Мәселен, осы айда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуде. Оған қоса Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың жаңа жыл басталғалы Ақ үйде ресми қабылдаған алғашқы қонағы болды. Ал «Астана Балет» театрының Нью-Йорк төріндегі Линькольн орталығында өнер көрсетуі бұл тарихи оқиғаларға одан ары сән-салтанат қосты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған ресми сапары қос мемлекет арасындағы байланысты бекемдей түсті. Стратегиялық әріптестіктің көкжиегі кеңейді. Соның айғағы – «Астана Балет» театрының Нью-Йорктегі Линкольн орталығында қойылым көрсетуі. Олар қазақ елінің өзіндік ерекше мәдениетін миллиондарға паш етті. «Астана Балет» америкалық көрерменге алғашқы қойылымын 2015 жылы ұсынған. Ол кезде еліміз Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болу үшін сайлауалды жұмыстарымен барған еді.

Мукарам Авахри, «Астана Балет» театрының бас балетмейстері:

– Бұл кеште ұлттық хореография мен биге басымдық бердік. Соңғы үш жылда ұжымның деңгейі жоғарылап, репертуардағы қойылымдар саны арта түсті. Бүгін сол жетістіктерімізді паш еттік.

«Астана Балеттің» осы жолғы қойылымы «Жаһандық ғаламдағы жасампаз Қазақстанның мәдениеті» жобасы аясында өтті. Іс-шараға Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі жетекшілік етті. Ұлттық бояудың үндестігі мен дәстүрлі балет театрының мектебі және заманауи сарын қойылымды ерекшелеп, көрермен жүрегіне жол тапты.

Дарья Баудаш, Словенияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

– Әуелі елдеріңізді Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуімен құттықтаймын. Бүгінгі қойылымды тамашалау барысында ерекше әсерге бөленіп қана қоймай, Қазақстанды өз көзіммен көргендей болдым.

Алексей Осипов, «Комсомольская правда» газетінің Нью-Йорктегі меншікті тілшісі:

– Қазақстан сенімді қадамдарымен жаһан жұрттың алдында айрықша беделге ие болып келеді. Қауіпсіздік Кеңесі, ЭКСПО, енді міне Линкольн Орталығында қойылым беріп жатыр. Осындай елмен көрші тұратынымызды мақтан тұтамын.

«Астана Балет» ұжымы репертуарының сан алуандығы мен шынайылығының арқасында жұртты әп-сәтте өзіне баурай білді. «Щелкуншик» балетіндегі Па-де-де неоклассикалық балеттің көріністері кеш қонақтарын таң-тамаша қалдырды.

Томас Фэрол, Бродвей продюсері:

Шындығында барлығы керемет. Қыз-жігіттердің орындауындағы биді үздік шеберлік дер едім. Айтып жеткізу мүмкін емес.

Густаво Адольфо, Перудің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

Гала-концерт өте жоғары деңгейде өтті. Қазақстанды Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуімен құттықтаймын. Осының арқасында біз саяси мәселелерден бөлек Қазақстанның салт-дәстүрімен де танысуға мүмкіндік алдық.

«Астана Балет» театрының концерттік бағдарламасы елорданың 20 жылдығына арналып, «Ел жүрегi – Астана» қойылымымен басталды. Гала-концерт екі ел президенттерінің ресми кездесуінің аяқталуымен тұспа-тұс келуінің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл қос мемлекет арасындағы қатынастың әлі де қарыштап дамитындығын айғақтайды.

Авторлары: Талғатбек Абдухожаев, Майра Абдрахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 әлеуметтік желілерде